12.05.2022, 11:44
Оқылды: 48

Менің Кенжақам

Кенжеғали Ержанов екеуміз әрі жақын, әрі құрдаспыз. Талпын ауылдық кеңесіне қарайтын Аңқаты ауылының топырағына аунап, бірге өстік. Ауылымыз ол кезде Чапаев ауданына қарасты еді.

0F7FC07A-3A09-4AC2-AD1C-4C48F481CD0B

Біздің ес біле бастаған кезіміз соғыстан кейінгі өте ауыр жылдар болатын. Иіні жаңа киім, тойып ішер асымыз жоқ кез еді ғой. Содан да болар, ішкі жан дүниесі әбден шыңдалған Кенжеғали ел азаматы болған шағында үлгілі отбасын құрып, тәртіпті де ұлағатты ұл-қыздар өсірді.

Екеуміз Аңқаты жеті жылдық мектебінде оқыдық. Оны бітіргенен кейін Кенжақаң Орал ауыл шаруашылығы техникумына зоотехник мамандығына оқыды. 1962-1969 жылдары оқуын жалғастырып, Саратов ауыл шаруашылығы институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірді.

Кенжеғалидің еңбек жолы туған жерінде, Аңқаты асыл тұқымды мал зауытында басталды. №2 бөлімшесінде мал маманы қызметінен бастап, ауылдық кеңес төрағасы, Чапаев ауданының Ленин колхозының басқармасына дейін көтерілді. Зейнет демалысына шыққанға дейін Аңқаты зауытының бас эконмисі қызметін абыроймен атқарды. Жұбайы Зәуре екеуі 1 ұл 4 қыз тәрбиелеп өсірді. Оларға өнегелі әке бола білді. Айтар сөзін сол жерде айтып салатын, мінезі төте Кенжақам қызмет бабында да тез шешім қабылдайтын. Қай жұмыста жүрсе де, бастаған ісін тиянақты аяқтамай, тыным таппайтын жан еді. Оның айғағы ретінде мына оқиғаны айтайын. Аңқаты ауылында Қамар мешіті деген қорым бар. Қорымнан 100-150 метрдей жерге мал қорасы салынған. Аңқаты көпсалалы шаруашылық болған ғой. Сол қорада шошқа өсіріледі екен. Қоршалмаған қорымды шошқалар еркін аралап, әбден жайылып жүретін. Кенжақаң ауылдық кеңесті басқарған кезде сол қорымды кең етіп темір тормен қоршатты.

Кенжақаңның өз ауылына істеген ең бір бағасы жоқ жақсылығы – ауылдағы терек өсіп тұрған алаң. Ол кезде ауылда ағаштар бірен-сараң болатын. Тіпті, 3 қабатты совхоз кеңсесі алдындағы кішігірім алаңды шөптің түр-түрі басып кеткен. Содан Кенжағали совхоздың бас агрономы болған В.Кирилловпен ұйымдастырып, осы күнге дейін сақталып, терегі жайқалып тұрған алаңға айналдырды. Қазақтың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегені осы емес пе?! Аңқатыға барған сайын осы алаңды көргенде, әрдайым Кенжақам есіме түседі.

Кенжақамның адамгершілігі мол еді. Өмірден ерте өткен Бақтығали ағасының балаларын өз қамқорлығына алып, өз қасынан үй алып беріп, аяқтандырды. Осы қасиеті ізбасары, ел азаматы болған ұлы Каныбекке, Оралдағы немересі Исаға дарыған.

Кенжақамды айтқанда, жұбайы Зәурені еске алмауға болмайды. Зейнеткерлікке шыққанша Аңқаты орта мектебінде физика-математика пәндерін оқытқан Зәуре «аузын ашса, жүрегі көрінетін» кеңпейіл жан еді. Үйлеріне қашан барсаң да, бала толып жүретін. Өзінің 5 баласымен бірге жан-жақтан тума-туыс, жақын-жолдастарының балалары сол үйге жиналатын. Солармен бірге жүріп, Кенжақаң мен Зәуренің жылы алақанында өскен орыс қызы қазір Санкт-Петербургта тұрады. Зәуре мамасының халін біліп, хабарласып тұрады.

Сондай асыл жанның өмірден озғанына жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Елі үшін қызмет етіп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген жанның өткен жолы жастарға үлгі болсын деген оймен осы естелікпен бөлістім. Жатқан жерің жарық, топырағың торқа болсын, Кенжақам!  

Сағидолла Бисенғалиев,

Теректі ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале