Аудандық мәдениет үйінде Жәнібек ауданының 100 жылдық мерейтойы мен Балалар жылына орай мектепке дейінгі ұйымдар арасында «Менің Жәнібегім» атты фестивалі өтті.
Аудандық білім беру бөлімі ауданның мерейтойы қарсаңында «Жәнібек рухани жаңғырудың жаңа белесінде» атты орта мерзімді жоба құрған болатын. Осы уақытқа дейін білім беру мекемелері жоспар бойынша мерекені өз деңгейлерінде атап өтуде. Жоба аясында мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепалды даярлық топтар арасында тәрбиеленушілердің тұлғалық-шығармашылық, патриоттық сезімін дамытып, тарих пен өнерді құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында «Менің Жәнібегім» тақырыбында хореографиялық қойылым байқауы ұйымдастырылған болатын. Аталмыш фестиваль байқау қорытындысы ретінде өтті.
Байқауға ауданның барлық бөбекжайы мен мектепалды даярлық тобы қатысып, үздіктері сахна төрінде өнерлерін көрсетті.
Атап айтсақ, Ғ.Абдуллин атындағы мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері «Сары жайлау» қойылымын ұсынса, аудан орталығындағы «Алтын ұя» бөбекжайы «Мақтанышым Жәнібегім!» қойылымымен таң қалдырды. «Қаһарман Жәнібегім» атты хореографиялық қойылымын «Қайрат» бөбекжайының бүлдіршіндері тарту етсе, Ақоба ауылындағы «Балауса» бөбекжайының балдырғандары «Сабантой» қойылымымен тамсандырды. Сонымен қатар, аудан орталығындағы «Балдәурен» бөбекжайының тәрбиеленушілері батырлар биін, «Жәнібек» бөбекжайы «Көкпар» қойылымын тамаша орындады. Фестивальді А.Оразбаева атындағы негізгі орта білім беретін мектебінің мектепалды даярлық тобы өлкенің тарихын бейнелейтін көрініспен қорытындылады.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бағида Сарбалина хореографиялық қойылымдардың үздіктерін сахна төрінде марапаттап, алғысын білдірді.
Шара соңында демеушілер бөбекжай мен мектепалды даярлық топтарға өздерінің сый-сияпаттарын ұсынып, жылы лебіздерін айтты.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz