12.05.2022, 15:00
Оқылды: 78

Мерей "Қазақстан Барысына" барады

Бүгін Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында қазақ күресінен "Қазақстан барысы" республикалық турнирінің облыстық кезеңі өтті. Батыстың балуандары бақ сынаған байрақты бәсекеге Сырым ауданының атынан Мерей Бердіғали қатысты.

F96FA0A4-B57B-4389-8A49-10BE40280CAB

Бозкілемде үш кездесу өткізіп, үшеуін де өз пайдасына аяқтаған Мерей финалда атақты Темірлан Көлбаймен жолықты. Осыған дейін дзюдо және самбодан Азия чемпионы атанып, Шығыс жұртына танылып үлгерген "Арланның" қазақ күресіне келгенде жұлынбас қазық екені белгілі. Соған қарамастан Мерей ағасына лайықты қарсылас бола білді. Дегенмен жартылай жеңіс ұпайымен қарсыласы басым болды. Мерей "Күміс белбеудің" иегері атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұйырса, жеңімпазбен бірге "Қазақстан барысында" Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайды. Жаттықтырушысы - Айбол Оразғалиев.

Ақпарат үшін айта кетейік, Алашқа "Арлан" атымен танылған Темірлан Көлбай да - сырымдық, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Жеңімпаздар тұғырында Мерей жерлесі екеуінің бәсекелес  балуандар емес, аға мен інідей бір - бірі үшін қуанып тұрғанын көріп жүрек жылып қалды.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале