10.12.2019, 11:00
Оқылды: 23

Мерейде дәстүр дәріптелді

Тасқала ауданы Мерей ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, сондай-ақ Тәуелсіздік мерекесіне орай этнотанымдық семинар-кеңес өтті. Оның басты мақсаты халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеп, бата беру мен соғым союды қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа таныстыру, ақсақалдардың қоғамдағы рөлін арттыру еді.

tasqala merei (3)

Семинарға "Егемен Қазақстан" газетінің БҚО-дағы меншікті тілшісі, зерттеуші Қазбек Құттымұратұлы, Бәйтерек ауданындағы Асан мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов пен Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Арсен Баяндықов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, Тасқала ауданының имамы Айдын Ибрашев, Тасқала аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақтығұл Тасмағамбетов және ауылдық округ әкімдері мен ақсақалдар кеңесінің төрағалары, Мерей ауылдық округінің ақсақалдары, қоғамдық белсенділер, сондай-ақ шаруа қожалық пен мекеме басшылары қатысты. Алдымен Мерей ауылының әкімі Мэльс Нәріков ауыл мешітімен таныстырды. Содан соң мешіт ауласында соғым сойылып, бата берілді.

tasqala merei (2)

 Шараға қатысушылар Мерей мектебінің акт залында өткен семинарда бас қосты. Шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Баяндықов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған мұндай шараның жас ұрпаққа берері мол екенін тілге тиек етті. Өйткені соңғы жылдары ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізді, қала берді мәдениетімізді өскелең ұрпаққа аманаттауда алар орны ерекше екеніне тоқталды.

tasqala merei (4)

 Одан әрі Асан мешітінің имамы, зерттеуші, Мұратбек қажы Жақатов «Соғым – ата дәстүріміздің ажырамас тіні» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Соғымның халқымызда алар орны ерекше екенін баяндай келіп, малдың көзінше пышақ қайрауға болмайтынын, мал соятын пышақтың өткір болуына көңіл бөлу керектігін айтты.

tasqala merei

Ал «Қазақтың бата беру дәстүрі – ізгі тілек тілеудің әдебі» тақырыбында сөз өрбіткен Қ.Құттымұратұлы соңғы кезде бата беруден көрі тілек айтуға көбірек бейім тұратынымызды сынға алып, бата мен тілекті шатастырмау керектігін айтты. Мерей мектебінің директоры, тарихшы А.Дүйсенов ұрпақ тәрбиесіндегі ақсақалдардың рөліне тоқталды.

Жалпы семинарға қатысушылар ойларын ортаға салып, өздеріне рухани азық алды.

Болатбек Сапарғалиев

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале