20.01.2021, 11:56
Оқылды: 48

Мерейі үстем медбике

Адам баласында денсаулық болса, өмірінде береке де, мереке де болады. Бар ғұмырын алғысқа лайық іске арнап, адам денсаулығы мен өміріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбегін халық ерекше бағалайды. Бүгінгі әңгімемізге дертке шипа іздеп, көмек сұрай келген жандардың алғысына бөленген Раздольный ауылдық фельдшерлік пунктінің 1-санатты фельдшері Алмажай Өмірәлиева арқау болды.

F31518C6-82A9-47E2-8650-DBB750783338

Абзал жан осы ауылда табан аудармастан 40 жылға жуық еңбек етіп келеді. Мамандығын жаны қалап, таңдап алған ол қашан да Гиппократ антына адал.

Алмажай Ерсайынқызы 1960 жылы Ресей Федерациясы Орынбор облысы  Первомай ауданының Уральский ауылында дүниеге келген. 1977 жылы ауылдағы орта мектепті бітірген соң Бұзаулық қаласындағы медицина училищесіне оқуға түседі.

Оқу орнын 1980 жылы ойдағыдай  аяқтағаннан соң еңбек жолын Орынбор облысы Первомай ауданының Ветелки ауылынан бастайды. Бір жыл қызмет еткеннен кейін отбасы жағдайына  байланысты Бәйтерек ауданына қарасты Дариян ауылына көшіп келіп, балабақшада медбике болып жұмысын жалғастырады.

Дариян ауылында тағы бір жыл еңбек етіп, 1982 жылы Раздольный ауылына қоныс аударған. Сол кезден әлі күнге дейін жұмысын Раздольныйда жалғастыруда.

Мінезі байыпты, қағылез жан өзінің  дәрігерлік қызметінде ел көзіне тек жақсы жағынан түсті. Себебі маман толық емес кездерде де жүктелген міндеттердің барлығын  бір өзі жауапкершілікпен атқарған. Әңгіме барысында Алмажай Ерсайынқызы осыдан көп жыл бұрын басынан өткерген қиын шақтарды еске алды.

-Осы күні аудан орталығы мен Орал қаласына барар жол ашық. Сонау тоқсаныншы жылдары жол да, көлік те болмады. Сондай қиын сәттерде жолда көмек көрсетіп, талай мәрте ана мен баланың тағдырына араша түстік,- дейді фельдшер. Еңбек жолында осындай қаншама төтенше оқиға кездесті десеңізші?

Адам өмірі қыл үстінде тұрғанда дереу көмек көрсетіп, шұғыл амал тапқан жанның шеберлігіне қайран қаласың. Осы жанқиярлығы мен адам денсаулығына деген қамқорлығынан болар Алмажай Ерсайынқызына әлі күнге дейін елдің алғысы толассыз.

-Дәрігердің кәсіби біліктілігі дертті ойдағыдай емдеу тәсілдеріне байланысты. Ауылда дәрігер болу оңай емес. Дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар жағынан да, кәсіби мамандар жағынан да қолдың қысқалығын білесіздер. Алайда сол қиындықты еңсеруге тырысып келеміз. Ауырып алдыма келген әр адамның көңілінен шығуға жанымды салдым. Содан шығар, еңбегімді ел сыйлайды,- дейді Алмажай апамыз.

Қарапайым да еңбекқор жанның тәлімін алған қыздары да елге қызмет етуде. Мамандығын мығым меңгерген медбике ел-жұртқа қадірлі, ауылына сыйлы. Ол өзінің еңбек жолында өшпестей із қалдырған көршілес Красный свет ауылының фельдшері Райгүл Аралбаева сынды әріптесін құрмет тұтатынын да жасырмайды. Саналы өмірін медицина саласына сарп еткен оған ауылдастары  құрметпен қарайды.

Жер бетінде дәрігерлік мамандықтан асқан абыройлы, құрметті мамандық жоқ-ау, сірә? Ем-шипасын дарытып қана қоймай, науқас жанға жылы сөзімен де дем беретін мамандық иесіне табыс тілейміз.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале