Сырттан келген субмәдениеттер адамдарды индивид болуға, яғни жеке пікір иесі болудан бастап, оңаша өмірге, айналып келгенде жалғыздықтан бақыт табуға шақырып жатқаны рас. Ал, қазақтың дәстүрлі қоғамы бұған қарсы. Қазақтың отбасылық институты – он шақты адамды бір шаңырақтың астына, бір дастарханның үстіне сыйғызған құтты институт. «Мерейлі отбасы» жобасы жаңа заманға ұлттың жылы ұяларын таныстыруды мұрат етеді.
Сырым ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланды. Сырым ауданы әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев Жымпиты өңіріндегі тату тірлігі, бақыт, бірлігі бар жанұяларды қабылдап, олармен Отан мен отбасы туралы әңгіме өрбітті.
Комиссияның шешімімен байқаудың аудандық кезеңінде Бұлдырты ауылдық округінде тұратын Әлімбаевтар жанұясы жеңімпаз атанды. Әулеттің асқар биігі Мәжит әкеміз – Ұлы Отан соғысын ардагері. Қазір қарашаңырақта ұлы Марат пен келіні Айкөркем отыр. Бұлдыртыдағы берекелі үйден 11 ұл – қыз, 20 немере және 44 шөбере тараған.
Екінші орынға Сарой ауылдық округіндегі Мырзағалиевтен жанұясы ие болды. Үшінші орынды Аралтөбе ауылдық округі атынан қатысқан Селбаевтар әулеті, Алғабаста тұратын Сипполиевтер шаңырағы және Жетікөл ауылдық округіндегі Құсесовтар бөлісті. Шолақаңқатылық Нұршаевтар әулеті мен Жосалы ауылдық округіндегі Көшеровтар отбасы да Сырым ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Шараға сала басшылары, округ әкімдері және Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «AMANAT» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев, ардагер ұстаз, «Шапағат» медалінің иегері Гүлбақша Ерғалиева секілді бірқатар қауым қатысты.
Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Тимур Құбаевтың айтуынша, Әлімбаевтар жанұясы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде Сырым ауданын таныстырады.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы