1.09.2020, 11:03
Оқылды: 56

Мерейліктердің мерейі үстем

      Тағы да жол үстіндеміз. Бұл жолы діттеген бағыт – «Мерей» ауылы. Тасқалаға 25 шақырым қашықтықтағы округке демде жетіп бардық. Әкімнің өзі көлігімен алып кетті. Жолай ауданнан сәл қашықтау орналасқан округтің тыныс-тіршілігімен таныстырып келеді. Бұл қызметтің тізгінін ұстағанына көп бола қоймаса да, халықпен қарым-қатынасы жақсы екені байқалды. Құрылысы жүріп жатқан бірде-бір нысан болмағанымен, алдағы жылдар еншісіне қалған тірлік аз емес. Округ тұрғындарының саны – 1648. Ауыл іші 86 пайыз табиғи газбен қамтылса, Өркен, Аққайнарда көгілдір отын мәселесі бар. Жалпы, округте 285 үй орталық су жүйесіне қосылған. Ал Өркен ауылында су мәселесі өзекті. Мерей ауылдық округінде 61 шаруа қожалығы, бір ЖШС, 55 жеке кәсіппен айналысушылар бар. Оның 26-сы мал шаруашылығын дамытып отыр. Және бір өндірістік кооператив тіркелген. Малды асылдандыру мақсатында 4 ауыл тұрғыны 6 млн. 300 мың теңге көлемінде несиеге қол жеткізген. Құс шаруашылығы бағытында да бірқатар жұмыстар нәтижесін берген. Биыл 1500-ге тарта құс балапаны алыныпты. Бұл да тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында бой көрсетіп жатқан оңтайлы іс. Табысы да аз емес. Жолай осы округке қарасты «Айнабұлақ» ауылына табан тіредік.

Merei (6)

  Шаруасы мығым қожалық

Шағын ғана халық мекен ететін тұрғындардың дені жеке шаруашылықтарын өрістетіп отыр. Сапарғали Ахметов осы жердің тумасы. Отбасылық бизнесті дұрыс жолға қойған ол нағыз еңбектің қазанында қайнаған жан. «Әке көрген оқ жонар» деген, әкесі мал баққан қарапайым адам-тұғын. Сол өнеге арқылы өзі де тырбанып, тек алға ұмтылуды көздеді. Сапарғали ағай әр сөзін мақалдап сөйлейтін, өмірден түйгені мол адам екен. Мәнісі кімнен тарағанын сұрағанымызда әкесінің солай сөйлейтінін тілге тиек етті. Енді ол әдет өзіне жұққан. «Жақсыдан үйрен» деген осы шығар.

2000 жылдары қорасындағы малымен шаруашылықты дамытуға білек сыбана кіріскен. Рас, алғашында жүрексіну болмай қалған жоқ. Тек батыл қадам алға жетеледі. Несие серіктестігі құрамына кірерде де көп ойланып-толғанды. «Несиені қайтара алмай қалсам» деген қорқыныш болғанын жасырмайды. Ақыр аяғында өзінің қобалжуын жеңіп, мақсатын айқындады. Сөйтіп, "Райымбек" жеке шаруа қожалығын ашқан болатын. Бүгінде Сапарғали ағай жұбайы Күнсұлу, қос ұлымен бірге отбасылық бизнесті шыр айналдырып келеді. Әрине, дәулеті тасып кетті деуге болмас. Бірақ қанағатты тірлігі берекеге толып жатқаны жасырын емес.

Merei (4)

Сиыр, қой, ешкі сынды малы далада, жайылыста екенін білдік. Шағын аулаға бақша да салыпты. Ең бастысы, қайнаған еңбек әулеттің ырысын молайтуда. Қырмызы апаны ауылдастары сүт өнімдерін тап-тұйнақтай ететін отанасы ретінде жақсы біледі. Сиырдың сүті, айран, ірімшік, май, қаймақ, сыр, құрт жасап, Орал қаласына апарып сатып, ақшалайтын ол бүгінде сегіз сиыр сауады. Әрине, бұрын сол сауындықтарын өзі сауатын болса, арнайы аппарат сатып алғалы жұмысы біраз жеңілдеген екен. Қарапайым тірліктерін жандандырып, қораны мал мен құсқа толтырып, өнімдерін ақшалап, мал азығын да сайлап алған жанұя дәулетті өмір кілті тек еңбекте екенін айтудан жаңылмайды. «Еңбек етсең, емерсің» деген осы емес пе?

Баталы ұл арымас

Ауылдың ең үлкені, тоқсанның төріндегі Жәрдем Елеукенов атаның шаңырағына қазақы бата алу ырымымен бас сұқтық. Бәйбішесі ауруханада жатыр екен. Осы жасқа келгенше аман-сау жүрудің өзі бақыт. Ауылдың өркендеуіне үлес қосқан, еліне қадірлі, басшылық қызмет атқарған атаның кезінде кең иықты, ірі адам болғаны байқалады. Жас ұлғайған соң біраз естеліктер көмескілене түскен. «Балаларым, аман жүріңдер. Қызметтерің жемісті болсын. Қарттық кіргесін біраз нәрсе ұмытылады екен. Өмірдің сан торап жолдарынан өттік қой. Ендігі тілек – амандық. Жастар, сендер аман болыңдар!» – деп ақ тілегін білдіріп, сәлемдесе бас сұққанымызға көңілі марқайып қалды. «Көп нәрсені ұмытыппын», – деп сол үшін ғафу өтінді. Есесіне, құдағайы Сарымсақ апа Ялпақова өте әңгімешіл жан болып шықты. Қазір ел ішінде бұрынғыдай әңгіменің майын тамызатын жандар азайып кеткен сияқты. Әлде уақыт жоқ па? Қос қарияның ақ батасы көңілге шуақ сыйлағандай.

Merei (2)

"Адалдық бұрышы"имани тәрбие

Білім ұясында жаңа оқу жылына әзірлік жүруде. Директордың кабинетіндегі шебердің қолынан шыққан қазақы ою-өрнекті еңбек назарымызды аударды. Авторы Азамат Ықыласов екен. «Менің досымның еңбегі», – деп таныстырып өтті мектеп басшысы. Көз алмай қарап қалыппыз. Округте 1 орта, 1 негізгі, 1 бастауыш мектеп бар. Білім ұясының іргетасы 1977 жылы қаланған. Күрделі жөндеу мәселесі алдағы жылдар еншісінде. Мектеп директоры Артур Дүйсеновтің осы мекемеде басшылық етіп келе жатқанына сегіз жылдың жүзі болған. Оқушыларды адалдыққа тәрбиелеу бағытында қолға алынған «Адалдық бұрышы» бірден назарымызды аударды.

– Мәселен, балаларға арналып пісірілген бәліштерді оқушылар өздері алып, ақшасын сол жерге қалдырады. Бұл жерде ешкім-ешкімді қадағаламайды. Бастапқыда аз-мұз теңге жетпей қалатын болса, кейін ол азайды. Сондай-ақ артық тиын-тебенін қайтарып ала алмайтын шәкірттер ақшасын сол жерге тастап кете беретіні байқалды. Бірақ бұл бұрыш арқылы балалар адал болуға, ала жіпті аттамауға тәрбиеленеді, – дейді мектеп басшысы Артур Серікбайұлы. Тұрақты демеушілері арқылы өзге ешкімге алақан жаймайтын мекеме біраз шаруаны тап-тұйнақтай тындырған. Кезек күтіп тұрғаны да аз емес.

Merei (5)

Мал бағымы дұрыс жолға қойылған

Кей ауылдарда жеке шаруашылық иелерінің малын бағатын адам таппай сарсаңға түсетінін естіп жатамыз. Бұл округте мал бағымы дұрыс жолға қойылған. Қарапайым бақташылық жұмысты ыждағатты атқарып, жағдайын түзеп алған Нұрлан Ерсариевтің еңбегі көпке үлгі. Оның тұрғындардың малын бағып келе жатқанына 4-5 жылдың жүзі болған. Әрине, «малға малдай адам керек» деп текке айтылмағаны анық. Ыждағатты жұмыс қана нәтижесін береді. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы боларын бақташы да мойындайды. Тек төзім мен еңбек қана діттегеніңе қол жеткізеді. Нұрлан осы бақташылық жұмыстың арқасында отбасын асырап, тұрмысын түзей бастаған. Өз еңбегінен басқа табыс көзі болмағанымен, адал еңбек берекеге жеткізуде. Бүгінде ол баспанасын осы табысы арқасында жөндеп алған.

Merei (1)

– Ауылда жеке шаруа қожалығының малы үш бағытта бағылады. Менің бағымымда 150-ге жуық ірі қара бар. Тұрғындар еңбекақымды уақтылы төлеп тұрады. Мен де жұмысты барынша тиянақты, адал атқаруға күш саламын. Әзірге мал жоғалып, болмаса, өзге де келеңсіздік орын алып көрмепті. Биыл суат мәселесі, жайылым жағдайы кішкене қиындық келтіруде. Алайда өзіме артылған жауапкершілікті түсініп, халық малын мейлінше шашау шығармай бағуға тырысамын. Былай қарасаңыз, бақташылықтың түк қиындығы жоқ. Сондықтан жұмыссыз жүрген ауылдастарыма мал бағудан қорқудың қажеті жоқ екенін, еңбек адал болса, табысыңды құдай өсіретінін айтқым келеді, – дейді ол. «Адал еңбек – табыс кепілі» деген осы. Ендеше, табысты болудан жүрексінудің қажеті жоқ.

Әрбір бас сұққан жерімізде қариялардың дені округ әкімі Мэліс Нәріковтің жақсылығын тілге тиек етті. Ауыл ішіндегі көше жолдары да ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен жөнделіп жатыр екен. Үлкендер дән риза. Жоғарыда айтып өткендей, қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмысы назарға ілікпегенімен, шағын ауылдағы халық әкіміне сенімді.

Гүлнар Қадырова,

Тасқала ауданы

   zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале