Бөкей ордасы ауданының дамуына сүбелі үлес қосып, еңбегімен еленген азаматтардың мерейтойы мен қуанышты сәттерін бірге бөлісуді дәстүрге айналдырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов бұл жолы ұзақ жылдар түрлі лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, медиатор, қазіргі күні «Ару ана» әжелер клубының жетекшісі Шәкира Ишанғалиеваны қабылдап, мерейлі жетпіс жасымен құттықтады.
-Ардагерлер - алдымыздағы ақылшымыз. Өскен өңірі, туған мекенінің кемел келешегі үшін аянбай қызмет қылып, еңбекқорлық пен ұлтжандылықтың нағыз үлгісін көрсетіп берген Шәкира Мәдиқызының саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге екендігі сөзсіз, - дей келе Нұрлан Сағынтайұлы мерейтой иесіне құттықтау хат табыстап, камзол кигізіп, иығына ақ жаулық жапты.
Бұдан соң құттықтаулар легін әкім орынбасары Лариса Қайырғалиева, мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов және өзге де мекеме басшылары, үзеңгілес жора-жолдастары жалғастырды. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Марат Қадешев, аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Зияш Зайноллина, ауыл әкімдігінің атынан Бисен Қадыровтар жалғастырып, сый-сияпаттарын табыстады.
Арай Марат
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер