Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ел дамуына үлестерін қосқан белсенді әйелдер қауымын салтанатты түрде қабылдады.
Көктемнің шуақты мерекесіне арналған жарқын кездесуге алтын құрсақты аналар, кәсіпкер әйелдер, дәрігерлер, ұстаздар мен құқық қорғау саласында қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар және ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жұмысшы қыз-келіншектер келді.
-«Ананың сүйген жері - отқа күймейді, оқ та тимейді» деген тәмсіл бар. Өйткені ана барлық қиындықты жеңетін күш, тірліктің қайнар бұлағы. Ана - өмірдің гүлі, тіршіліктің нұры, мейірім мен ізгіліктің жаршысы. Әйел табиғаты тұтас құдіретке толы тылсым дүние. Отбасының оты да, Отанның бүтіндігі де ең алдымен ананың ақ пейілінен бастау алады. Көктем гүлімен, ана нұрымен көркем. Ендеше осы бір кең ниетті көктеммен бірге келген әсем мерекеде Сіздерге тек ізгілік тілеймін.
Өздеріңізге айтылатын ақ алғыстар мен жылы сөздер еш уақытта толастамасын. Әрдайым ақпейіл де қамқор, адал да үлгілі қалыптарыңыздан талмай жүре беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға мол бақыт, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін,-деді құттықтауында аудан басшысы Марат Тоқжанов.
Мерекеде аналарды қабылдап жатқан аудан басшысына қыз-келіншектердің аттарынан алғысын білдірген Бәйтерек колледжінің директоры Гүлжауар Қадемқызы алғысы айтып, қазақ елінің әр анасы ортақ отанымыздың дамуына үлес қоса беретінін жеткізді.
Сондай-ақ жеке балабақшалар салып, ауыл жастарын тәрбиешілікке баулып, жұмыспен қамтып отырған Айнұр Сұлтанова да мереке алдында қабылдап, жылы лебізін білдірген аудан басшысына ризашылығын білдіріп, жеке балабақша тәрбиешілеріне баспана алуға "Дипломмен ауылға" бағдарламасының тиімділігін атап өтті.
Шара соңында өзге де қабылдауға қатысушылар ізгі тілегін арнап, ел амандығын тіледі.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz