Бүгін Ұлы Жеңіс мерекесінің 75 жылдық мерекесі қарсаңында Казталов ауданының әкімі Альберт Есалиев ауданымыздағы жалғыз соғыс ардагері Жұмат Сақыпұлы Сәрсембиевтің шаңырағында болып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауы мен ауылдастарының ыстық сәлемін жеткізді.

Сәрсембиев Жұмат Сақыпұлы 1923 жылы Жаңақала ауданының №8 «Байторы» ауылында дүниеге келген.

1942 жылдың сәуір айында Жаңақала ауданынан Қызыл әскер қатарына алынады. 1943 жылдың қаңтар айында №65-ші атқыштар полкы қатарын толықтырып, 1943 жылы ақпан айының он үшінші жұлдызында Ростов қаласын жаудан босатуға қатысып, кейін Украина майданы сапымен №58 атқыштар дивизиясы құрамында Орел-Курск, Прохоровка, Усманов қалалары мен бірнеше селоларды жау қолынан босатуға қатысады. Осы шайқастарда жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін ерлігі ескеріліп, кеудесіне ІІІ дәрежелі жауынгерлік «Даңқ орденін» қадайды.

-9 мамыр – көптеген халықтың ұлтына, жеріне, діні мен тіліне қарамастан бірге тойлайтын біздердей ардагерлердің төл мейрамы. Ерлік істер еш уақытта ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс мейрамы құтты болсын! Ұрпақтарыма зор денсаулық, шаңырақтарына бақ-береке, еңбектеріне табыс тілеймін! Елімізде ешқашан соғыс болмасын-деді ел тілегін жылы қабылдаған қарт майдангер.
Салтанатты мерекеге орай Жалпақтал мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Қыдыр Харесұлы
zhaikpress.kz