Жыл басында елімізде орын алған бейбіт шерулер соңы қақтығысқа ұласып, төтенше жағдай режимі жарияланды. Өңірімізде де қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, блокбеккеттер орнатылды.
Ел тыныштығы үшін күн-түн демей еңбек етіп жүрген сарбаздарға көмек көрсетіп, қаладағы қауіпсіздікті сақтау, қоғамды тұрақтандыру мақсатында «Халық сақшылары» жасақтары құрылды. Облысымызда жағдай тұрақты болғанымен қауіп бұлты сейілмеді. Сын сағатта сарбаздарға қолдау білдіріп, қолдан келген көмегімізді көрсетуіміз қажет.
Осыны түсінген Бәйтерек ауданына қарасты Асан елді мекеніндегі мешіт жамағаты күзетте тұрған полицейлер мен арнайы жасақ сарбаздарына арнап, түскі ас әзірледі. 100 адамға жететін ас дайындаған жамағат арнайы көлікпен қала шетіндегі блокбекетке барып, ел тыныштығын қорыған жауынгерлерді тамақтандырды.
-Ел басына түскен қиын шақта барлық ауыртпашылық полицейлер мен алдынғы шепте болған сарбаздарға түсті. Біздің өңір тыныш болды. Десе де қызметі ауыр сарбаздарға қолдау көрсетуіміз керек. Осы акция арқылы мешіт жамағаты елмен бірге екенін көрсеткісі келді. Мемлекетке түскен қиындықты бірліктің арқасында еңсере алатынымызды қайталап айтамын. Енді бұндай қиындық елімізде болмасын,-дейді Асан мешітінің имамы Мұратбек қажы Жахатов.
Өткен жылы ауру өршіп, ел алаңдаған шақта да көпшілікке қолдау білдірген Асан мешітінің жамағаты игі істері жалғаса беретінін айтады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz