Індет елімізді әбігерге салған сайын халықтың ауызбіршілігі нығайып, бұл кеселмен күреске көпшілік жұдырықтай жұмылуда. Соның дәлелі – азаматтар инфекцияны жеңуде көмегі мол құрал-жабдықтарды, жеке қорғаныс құралдарын жер-жердегі ауруханаларға табыстап, дәрігерлерге барынша қолдау білдіріп отыр. Бұл істен діни бірлестіктер де қалыс қалып жатқан жоқ. Күні кеше аудандық орталық ауруханаға бір жылжымалы оттегі концентраторын облыстық мешіттің наиб имамы Самат Әлібаев келіп, табыстады.
Бағасы 500 мың теңге тұратын бұл аппарат арнайы Түркия елінен жеткізіліпті. Облыстық, аудандық мешіттің қолдауымен алынған аппараттың оттегі сыйымдылығы 10 литр. Сондай-ақ Чапаев ауылындағы көпбалалы, тұрмысы төмен 10 отбасыға азық-түлік үлестірілді.
«Қазіргі таңда ауданда 40 керуеттік жұқпалы аурулар бөлімшесі қандай жағдайға да дайын. Оның үшеуі реанимациялық төсекке арналған. Мұнда тек өз ауданымыздан ғана емес, көршілес Жаңақала, Қазталов аудандарынан да науқастар қабылданады. Қазір өкпені жасанды желдету аппаратына тәуелді бір науқас ем алуда. Осындай қиын-қыстау кезде қол ұшын созған мешіт қызметкерлеріне ұжым атынан алғысымды айтамын. Мұндай медициналық аппарат - жансақтау бөліміндегі ауыр халдегі науқастарды емдеуде ең маңызды құралдардың бірі. Бізде осындай аппараттардың 23-і бар, көбі жанашыр жандардың қолдауымен алынған. Науқастарымыз тез жазылып, сау адам ауырмасын»,- деп ризашылығын білдірді аурухана директоры Алмас Тоғайбайұлы.
Ләйлім Шуақ,
Ақжайық ауданы,
Суретті түсірген Азамат Қанапия