Жастарды жергілікті белсенді кәсіпкерлермен таныстыру, олардың жүріп өткен жолдарын үлгі ету мақсатында Мичурин ауылдық округінде жаңа жоба қолға алынды.
«Мичурин тайм» деп аталатын бұл жобаға аталмыш округте тұратын, осында түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген жандар шақырылып, олармен сахнада сұхбат ұйымдастырылады.
Жоба авторлары атап өткендей, бұл іс-шараның мақсаты – жастарды, соның ішінде оқушылар мен студенттерді жақсы оқуға, заман көшінен қалмауға, қорықпай түрлі кәсіпте өз икемдерін байқап көруге, қаржылық сауаттылыққа, өмірдегі түрлі жағдайлардан шығуға, ең бастысы өзіне сенуге серпін беруге талпындыру.
Мичурин ауылдық клубында өткен іс-шараның алғашқы қонақтары «Мар-Эль» шаруа қожалығының басшысы Марат Асанов пен жас кәсіпкер Дамир Самиғатов болды. Олар өз сұхбаттарында жетістікке қалай жеткендері, қандай қиындықтарға тап болғанндары, тығырықтан шығудың жолдары, алғашқы миллион теңге табысты қалай тапқандары жөнінде айтып басқа да қызықты сұрақтарға жауап берді.
Жалпы аталмыш жобаны әрбір тоқсан сайын өткізу жоспарланып отыр. Яғни келесі мұндай іс-шара 8 наурыз қарсаңында ұйымдастырылмақшы. Оған округтегі нәзік жанды бизнес өкілдері шақырылатын болады.
- Биылғы жыл округіміз үшін жаман болған жоқ. Мәселен, Асан ауылында күндізгі стационары бар отбасылық дәрігерлік амбулатория ашылды. Зеленный ауылына су құбыры тартылды. Айта кету керек, бұл - көптен күткен үлкен қуаныш. Себебі оны бес жылдан бері зеленныйлықтар көлікпен тасымалданатын суды тұтынып келді. Енді ондай машақаттан құтылды. Кәсіпкерлік бағытында жаңа нысандар ашылды. Соған орай біз «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп ауыз толтырып айта аламыз. Алдағы жылға жоспарланған жұмыстар аз емес. Солардың бірі - Мичуриндегі сегіз көшенің жылу құбырларын жөндеу. Барша ауылдастарымызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Мықты денсаулық, отбасы амандығын, өмірде де, еңбекте де сәттілік пен жақсылықтар тілеймін,-деді іс-шара соңында сөз алған Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов.
Содан соң округ басшысы алты баланың анасы Аида Шәріповаға «Күміс алқа», ал жыл ішінде белжазбастан еңбек еткен жандарға алғысхаттар табыстады.
Іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың әсем әніне ұласты.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz