«Мен оқыған 30 кітап» жобасы биыл алғаш рет Казталов ауданында ұйымдастырылған болатын. Аталған жоба аудан әкімдігінің және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйытқы болуымен жүзеге асты. Жобаға ауданның 5-11 сыныпта оқитын кітап сүйер оқырманы қатысып, бақтарын сынады.
«Артық білім кітапта» деген ұлы ақын сөзін бетке ұстаған балалар жазғы демалысты құр өткізбей, кітаптың қайнарына бас қойып, рухани қазынамен сусындады. Бүгін балалар оқыған кітаптарының мазмұны бойынша тест тапсырып, жоба нәтижесі қорытындыланды.
Байқауға ақын, ұстаз, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Ы.Алтынсарин медалінің, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштанова, ақын, тілші, ҚР Журналисттер Одағының мүшесі Қыдырғали Абдрахманов, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының әдіскері Құралай Арыстанова, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халық шығармашылық орталығындағы ақпарат бөлімінің әдіскері, ақын, журналист Асантемір Қаршығаұлы төрелік етіп, оқырман оқушылар арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтады.
Жүлде қоры миллион теңге болатын «Мен оқыған 30 кітап» жобасы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау кеші аудандық мәдениет үйінде өтті. Көрермен назарына кітаптың мол пайдасы жайындағы бейнеролик ұсынылып, «Кітап — сарқылмас рухани әлем» атты қойылым сахналанды. Бір топ биші қыз «Кітаптар биін» билеп шара шымылдығын ашып берді.
Алдымен жобада бақ сынаған балалар сахна төріне шақырылып, шараның естелік сыйлықтары табыс етілді. Сонымен қатар белсене қатысқан жоба қатысушыларын аудандық мәслихат депутаттары дипломмен марапаттап, 30 мың теңгелік сертификат табыс етті.
Кітап оқуда оқ бойы оза шауып, жүлдегер сапына ілінген жеңімпаз оқырманның сертификаттарын салтанатты шара қонақтары табыс етті.
Жүлделі ІІІ орынға ие болған Толғанай Қыдырғалиева, Айым Толятти атты оқырманға 100 мың теңгелік сертификат, сайыстың ІІ орын жүлдегері Ілияс Қайсағали атты оқырманға 200 мың теңгелік сертификат және бас жүлденің жеңімпазы Жансая Бекетке 300 мың теңгелік сертификат салтанатты түрде табыс етілді.
Шарада жерлес ақын Дариға Мұштанова:
- Жүздері бақытқа толы балалар байқауына куә болып тұрмын. Демеуші болған депутат ағаларының жүздерінен нұр төгіліп, оқушылар да ерекше қуанышқа бөленіп отыр. Мен сіздердің әрқайсысыңыздан жарқылдаған жанарларыңызға қарап болашақ зиялы қауымды көріп тұрмын, - деп тебірене сөз сөйледі.
Шара барысында ақын, журналист Асантемір Қаршығаұлы балаларға ізгі тілегін жолдаса, жерлес ақынымыз Қыдырғали Харесұлы «Кітап пен кітапхана» атты өлеңін оқып, балаларды кітап даналығымен сусындауға шақырды.
Қорытынды сөз кезегін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов алып, ауданда ұрпақты кітап оқуға баулитын жобаның сәтті жүзеге асқанын және алдағы уақытта бұдан да кең көлемде өткізілетінін атап өтті.
Жобаның демеушілері аудандық мәслихат депутаттарына ерекше ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz