Жыл сайын аудандық газетте мейірбикелер туралы мақала жарияланып келеді. Алайда, мейіргер ер азаматтар жайлы аз айтамыз. Өмір мен өлім арпалысқан жауапты қызметте мейіргер жігіттер өлшеусіз еңбек етіп жүр.
Райымбек Бержанов Сырым аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің түнгі ауысымдағы мейіргері болып жұмыс жасауда. Райымбек Ғалымжанұлының еңбек өтілі – жеті жыл. Мұның өзі білікті маман болып қалыптасуға жеткілікті уақыт. Осы жылдар ішінде әртүрлі бөлімде жұмыс істеп, білімін жан-жақты жетілдіруге күш салды.
Райымбек Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті 2014 жылы тәмамдады. 2014-2017 жылдары Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша білім алды. Медицина саласының әліппесін 2017 жылы шілде айында жұқпалы аурулар кабинетінде ашты. Бұл жерде алты ай еңбек етіп, 2018 жылдың қаңтары мен 2021 жылдың соңына дейін рентген лаборанты болып жасады. Одан кейін лор дәрігердің қабылдау бөлмесінде болды. 2022 жылдан бері аудандық аурухананың хирургия бөлімінің түнгі кезекшіліктегі мейіргері.
Адамдарға көмектесу, жаны қиналғандарға қол ұшын беру, күтім жасау, ем-шарасын жүргізіп, науқастардың алғысын алу Райымбекке ұнайды. Ол түрлі оталарға қатысып, тәжірибе жинақтауда. Хирургия бөлімі болған соң, аяқ астынан жарақат алғандар, жол апатына ұшырағандар жиі кездеседі. Райымбек Ғалымжанұлы небір ауыр, ашық жарақаттарды көзбен көру, қанмен жұмыс жасау психологиялық тұрғыда қиын болатынын жасырмайды. Оның бәрін бір-ақ сәтте ұмыта салу оңай емес. Әсіресе, тамыр-таныс, жақын-жуық жандарды қиын жағдайда көру – мейіргер үшін ауыр тиеді. Оны көтере білу үшін үлкен жүректілік керек. Батыр есімін иеленген батыл мейіргердің айтуынша, түрлі жарақаттарда шұғыл әрекет етіп, жедел қимылдау, науқасты отаға алу, не істеу керектігін тез ойлап, шешім қабылдау, отаны басынан аяғына дейін жетік білу, дәрігердің не істегелі тұрғанын сезіну де – маманның біліктілігін, мықтылығын талап етеді. Қиындығына қарамастан, мейіргер өзінің жұмысын жақсы көріп, беріле жасайды.
Егу, науқастың тамырын табу, ашық жарақаттарды күн сайын жаңа дәкемен таңу – Райымбектің күнделікті дағдысы. Ол мұндай жұмыстардың жілігін шағып, майын ішетін маманға айналды. Хирургия бөлімінде дәрігер болған Тимур Амангелдіұлы Еспентаев ота кезіндегі, түрлі жарақаттар кезіндегі ем-шаралардың қыр-сырын, шұғыл қимылдап, дер кезінде әрекет жасауды меңгертті. Хирургия бөлімінің бүгінгі меңгерушісі Нұрболат Шынтемірұлы Нұрғали да Раймбек Ғалымжанұлына бар білгенін үйретуде.
Медицина саласын таңдап, мейіргер болғысы келетін ер балаларға Райымбек Бержанов:
– Мейіргер болғанның бір жақсысы – қалада да, ауылда да жұмыс табылады. Емханада түрлі дәрігерлердің қабылдауында мейіргер бола алады. Аурухананың бөлімдерінде де жұмыс жасай алады. Ер бала болған соң, кабинеттерде, дәрігердің қабылдау бөлмесінде отырғаннан гөрі, отаның айналасында, ашық жарақаттармен жұмыстану, науқастарды тасымалдау, көтеру секілді жұмыстарда жүргені ләзім. Ер адамға лайықты жұмыс осы деп ойлаймын, - деп кеңесін айтады.
Райымбек әкесі Ғалымжан мен анасы Сұлушаштың үшінші перзенті, алдында екі әпкесі, артынан ерген бір қарындасы бар. Жары Айбарша екеуі екі жас, сегіз ай Ерасыл және алты айлық Ерхан есімді сәбилерін өсіруде.
2022 жылы Райымбек Бержанов «Жомарт жүрек» «Жыл үздігі» жастар премиясының «Үздік жас дәрігер» аталымына ие болды. Ақ халатты абзал жан өзінің жұмысынан бөлек спортқа да жетік. Футбол, волейбол, үстел теннисі ойындарында өзін озат көрсетіп жүр.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы