Осыған дейін белгілі продюсер, жерлесіміз Алпамыс Шәрімов қайырымдылық мақсатпен жиналған 2 млн. теңгеден астам қаражатты «Сырым» қоғамдық қорына аударғанын хабарладық. Бұл қаржы ауданның коронавирус індетімен күресіне жұмсалуға тиіс болған.
Жақында Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры Роза Тахамбетова қорға ресми хат жолдап, Жымпитыдағы провизорлық бөлімде еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінің тамақтануына қаражат бөлуін сұрапты. Оны естіген облыстық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер, «Жібек жолы» автокешенінің иесі Ғанимат Нұрмұханов:
- Қордағы қаражат тұра берсін. Оның да керек жері болар. Ал коронавирус індетімен күресте жүрген медицина қызметкерлерінің тамақтану шығынын мен көтерейін, – деп азаматтық танытыпты.
Шілде айының 24 жұлдызынан бері провизорлық бөлімдегі 2 дәрігер, 6 медбике және 6 санитарлық қызметкерге күніне екі мезгіл ыстық ас «Жібек жолы» автокешенінің асханасынан жеткізіліп жатыр. Тамақтың құнарлы әрі дәмді болуын, уақтылы жеткізілуін ағамыздың жары Аида ханымның өзі қадағалауда. Ғанимат Нұрмұханов бөлімді 31 тамызға дейін тамақпен қамтамасыз етуді мойынына алыпты. Міне, азамат!
Айта кетейік, 16 қызметкерге арналған бір күндік ас мәзірінің құны 21 000 теңге деп есептесек, Ғанимат мырза айдың аяғына дейін 819 000 теңгенің қайырымдылығын жасамақ.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz