Минимализм – өмірімізді жеңілдетуге және шектен тыс қажеттіліктен арылуға бағытталған өмір сүру салты. Яғни «қажет емес» дүниелерден арылып, өзімізге тек керектісін ғана алу. Мейлі үлкен, мейлі кішкентай қадам жасамас бұрын, «бұл маған қаншалықты қажет», «менің қабылдаған шешімім өзіме, айналама пайда әкеле ме» деп ойлау. Түсініксіздеу болып кетті ме? Бәлкім, көбіңіз бұның не екенін ұғына алмай жатқан шығарсыздар. Уайымдамаңыздар. Қазір бәрін асықпай түсіндіріп беретін боламын.
Қазақта «көрпеңе қарай көсіл», «азға қанағат, барға шүкір» деген тамаша мақал-мәтелдер бар. Бұл қанатты сөздердің астарында үлкен мән-мағына жатқаны айтпаса да белгілі. Халқымыз сан ғасырлар бойы ата-бабамыз ұрпақтарына қанағатшыл болуды, қолыңдағы барыңды мақтан қуып жөн-жосықсыз жарата беруге болмайтын айтумен болған. Хәкім Абай да «бекер мал шашпақ» деп қазағын үнемшіл болуға үгіттеді. «Минимализм деген не?», «ол біздің ұлттық санамызға жат» дейтіндер болса, мысалы мінекей.
Қазіргі күні титтей нәрсе үшін жарысып жатамыз ғой. Біреу жақсы көлік мінсе, екіншіміз содан асып кетуге тырысамыз. Ал енді біреу көл-көсір той жасаса, басқасы да одан қалғысы келмей тырмысып бағады. Жұртқа мақтану үшін хан сарайындай үй салып, қыруар қаражатты соған жұмсаймыз. Біз өзіміз үшін емес, «ел не дейді» деп өмір сүреміз. Бірақ оны байқамаймыз. Ақылмен, еңбекпен жарысудың орнына, болмайтын бір нәрселер үшін жарысамыз. Маңдай терімен кәсіп қылып, өз күшімен аяққа тұрған жандарға ештеңе демеймін. Керісінше, сондай тұлғалардан үлгі алыңыз деп айтар едім. Көбіміз жоғарыда айтылған көлік пен той-топырға өз қалтамыздан ақша жоғалтпаймыз. Қаражатымыз жетпесе банкке барып несие ала саламыз. Дамыған елдерде несие тек кәсіп ашуға болмаса білім алу мақсатында жұмсалады. Ал бізде ше? Жалт-жұлт еткен әшекей немесе су жаңа телефон көрсек сол сәтте алғымыз келеді. Трендтен қалмауды ойлаймыз. Қолымызға ақша түссе, жаратуға тағы асығамыз. Жарайды, бұның бәрі зат делік. Әйтеуір бір күні болмаса, басқа күні пайдаға асар. Ең сорақысы, біз қалтадағы соңғы тиынымызды жаман әдеттерге жұмсаймыз. Ақша тігіп, карта ойнайтындарды көргенде «текке кеткен қайран уақыт-ай» дейсің. Ал жарты мың теңгесін шылым мен ащы суға жұмсайтындарға «тым құрыса денсаулығыңызды ойлаңызшы» дегім келеді. Айта берсең бұндай зиянды дүниелер күндегісін күнде көреміз. Сосын «ақша жетпейді, денсаулығым құрып барады» дейміз. Бәріне себепші өзіміз екенін білмейміз. Артынша қоғамды жамандап, билікті кінәлап бәрін өзгеге жаба саламыз. Білесіз бе, жаңағы айтқанымның бәрі қанағаттың жоқтығынан, барға шүкір ете алмауымыздан және өзімізге не керек екенін біле алмаудан пайда болады. Осы мәселеден «минимализм» ұғымы пайда болады.
Жоғарыда тілге тиек еткен жағымсыз әдеттерден минимализмнің көмегімен арылуға болады. Бар болғаны, мен айтқан нәрселерді есіңізде сақтасаңыз болды. Ең алдымен қаржыңыз бен уақытыңызды басқаруды үйреніңіз. Қажетсіз затқа ақша құртпауға уәде беріңіз. Бастысы, өзіңізге не керегін білсеңіз жеткілікті. Мәселен, дүкенге нан мен сүт алу үшін бардыңыз делік. Сіз көп жағдайда пакет толы азық-түлік алып қайтасыз. Солай ма? Жаңағы пакеттегі заттың бәрі дерлік пайдалы ма, денсаулыққа зиян келтіретіндері бар ма? Бәлкім, қытырлақ картоп, газдалған сусын, шемішке сынды түкке тұрмайтын пайдасыз дүниелер шығар. Ойланып көріңізші, бұл тағамдар сіздің денсаулығыңызды құртпаса, еш пайдасы жоқ. Ендеше, оны неге алдыңыз? Жәй ғана, жегіңіз келді ғой, иә? Мойындаймын, бұрындары мен де тура сондай едім. Көңілім нені қаласа соны алатынмын. Ауылдағы сатушы апайларға «анамның атына жаздыра салыңыз» дейтінмін. Ал айдын соңына таяғанда анашым менің кесірімнен біраз ақшасынан айырылатын. Қазір, минималисттік көзқараспен ойлап қарасам, нағыз тойымсыздың өзі болған екенмін. Өз оқиғамды осы тоқтата тұрайын да, минимализм «сабағын» одан әрі жалғастырайын.
Сонымен, менен де, сізден де кеткен бірінші қателік «бұл маған қаншалықты керек» деген сұрақ қоя алмауымызда. Сатып алғалы тұрған нәрсеңіз сіздің денсаулығыңызға пайда әкелмейтін әрі ақшаңызды құртатын болса, оның не қажеті бар? Біздің қазақ ерекше жақсы көретін той мен қонақасыларды жасамас бұрын да оның қажеті бар ма, жоқ па деп ойланып алыңыз. Иә, ықылым заманнан бері той халқымыздың бет-бейнесі, қонақжайлығының көрінісі болып келді. Бірақ, тойды жөн-жосықсыз жасай беруге тағы болмайды. Көп жағдайда тойды қуанышымызбен бөлісу үшін емес, ел алдында абыройымызды көтеру үшін жасайтын секілдіміз. Оған дәлел ретінде, қанша жерден тиым салып жатса да, карантинде думан қуып, өзінің ғана емес, өзгенің де денсаулығына қауіп төндіріп жатқан той иелерін айтар едім. Ал шығынның «жырын» айтпай-ақ қояйын. Бәрінен ауыры, бір-екі күндік той үшін миллиондап несие аламыз. Артынша оны төлей алмай қарызға батамыз. Сол тойды қарапайым өткізуге де болады ғой. КСРО тұсындағы, болмаса 90-шыжылдардағы той суреттеріне қарасам қазіргідей аста-төк тойдың болғанын көрмейсің. Шаңырақ көтергендерін аз қаржымен атап өткен ағай-апайлардың көбісі дерлік бақытты өмір сүруде. Өткенде, танымал телебағдарламаның бірінен мынандай ақпарат естідім. Қазақстанда жыл толмай ажырасып жатқан жұптардың айырылысу себебі, тойдың қарызын жаба алмаудан екен. Міне, осыдан-ақ жақсы отбасы болатынын дәлелдеу үшін дүркіретіп той жасаудың бекер әбігерлену екенін түсінген шығарсыз.
Қызығы сол, минимализм ұғымын уақыт пен адамдарға қатысты қолдануға да болады. Әдетте, көбіміз уақыттың жетпейтініне шағымданып жатамыз. Негізінде, уақытты артығымен жеткізе аласыз. Оның еш қиындығы жоқ. Бар болғаны, тайм-менеджментті үйренсеңіз және пайдасыз әдеттен арылсаңыз болғаны. Қазіргі таңда уақыттың көп бөлігін әлеуметтік желі мен көгілдір экранға телмірумен өткіземіз. Жаңағы екеуінің жақсы жағы да, зиянды тұсы да бар. Бірақ оның пайдасына емес, уақытты өлтіретін жағымсыз жағына үйірміз. Осы сәтте қайтадан минимализмнің басты сұрағы еске түсуі керек. Яғни, «бұл маған қаншалықты пайдалы» деген.
Ендігі, минимализмді адамдарға қатысты пайдаланып көрейік. Сіздің уақытыңызды құртып, жаман әдеттерге итермелейтін досыңыз, танысыңыз болса, одан біртіндеп құтылуға тырысыңыз. Көп достың болғаны жақсы шығар, алайда сізді түсініп жаныңыздан әркез табылатын бір досыңыздың болғаны әлдеқайда жақсырақ. Уақытыңызды алатын жандарға «болды енді сенімен араласпаймын» қатты айтуды керегі жоқ. Одан бірте-бірте алыстай бастасаңыз, аз уақытта ол адам да сізді ұмытатын болады. Айтпақшы, «той болады» десе ағыл-тегіл қонақ шақырып, қарызданып жатамыз. Ал өзіңізге ең жақын адамдарды ғана қонақ қылып көріңізші. Сізді жақсы түсінетін адамдар көңіліңізді көтеріп қана қоймай, кішігірім дастарханыңызды сәнін келтіреді. Әрі басы артық қарызданып жатпайсыз. Ең кереметі, ешкімге берешегіңіз жоқ, денсаулығыңыз мықты және сізді қатты жақсы көріп, құрметтейтін керемет ортаңыздың болғанына қуанасыз.
Түйін: Бастысы минимализм дегенді сараңдық деп қате түсініп қалмаңыз. Минимализм – өз-өзіңнен аяу емес, қолдағы барыңды үнемдеу. Сол арқылы толыққанды өмір сүру. Әлемге басқаша көзқараспен қарау. Басқа біреуге еліктеп, шамаңыз келмесе де сол нәрсені алуға асықпаңыз. Үлкен той жасай алмадым деп уайымдаудың қажеті жоқ. Керісінше, минималист болғаныңызға қуаныңыз. Өзіңізге не керектігін, кімнің сіз үшін қымбат екенін біліңіз. Сол арқылы бақытты болуды үйреніңіз!
Аяжан Ғаппар
Казталов ауданы
zhaikpress.kz