10.11.2022, 15:15
Оқылды: 148

Мобильді қосымша артықшылығы

Қай аудан болмасын оның экономикасының негізгі тірегі болып табылатын мал шаруашылығында ветеринария саласының маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Цифрландыру қарыштап дамып келе жатқан қазіргі заманда осы сала мамандарының жұмысын жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылту басты назарға айналған. Өткенде Ақжайық ауданында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыстық ветеринария басқармасы өкілдері, округ ветеринарлары қатысқан жиында осы мәселе төңірегінде сөз қозғалып, пилоттық негізде қолға алынған «ИСЖ-MOBILE» мобильді қосымшасы таныстырылды.

13

Жиналысты ашып жүргізген аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов түлік басы, жер көлемі жағынан облыс бойынша алдыңғы орындағы ауданның мал шаруашылығы саласындағы көрсеткіштерін атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында ауыл шаруашылығын, соның ішінде ветеринария саласын толық цифрландыруды жеделдетуді тапсырғаны мәлім. Осыған орай «Samsung» компаниясымен бірлесіп, бүгінде бәріңіз жұмыс барысында пайдаланып жүрген түлікті бірдейлендіру платформасының мобильді қосымшасын жасақтадық. Бір артықшылығы – енді әр түлікті журналға енгізіп, содан кейін базаға тіркеп, екі жұмыс жасаудың қажеті жоқ әрі бұл қосымшамен оффлайн, яғни интернетсіз де жұмыс істеуге болады. Мұның бәрі ветеринарлардың жұмысын оңтайландыру үшін жасалған, – деді ҚР АШМ мемлекеттік қызметтерді дамыту және АӨК цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков.

Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Рашид Иманғалиевтің айтуынша, әзірге «ИСЖ-MO-BILE» мобильді қосымшасы еліміз бойынша тек біздің облыстың Теректі, Ақжайық және Бәйтерек аудандарында пилоттық жоба ретінде қолданысқа енгізілуде. Тестілеу мерзімі – 20 қарашаға дейін.

Жиналыста қосымшаның мүмкіндіктерін ҚР АШМ мемлекеттік қызметтерді дамыту және АӨК цифрландыру департаментінің аға ІТ-сарапшысы Фариза Әбдірахманова таныстырды. «Samsung Galaxy Tab Active 3» планшетіне орнатылған мобильді қосымша арқылы түлік туралы деректерді жинау мен жолдау аутоматтандырылады. Әр ветеринардың қолына осы жиында берілген әмбебап құрылғы суық пен ылғалға, соққыға төзімді. Мұнда жоғарыда атап кеткен қосымшадан бөгде бағдарламаларды орнатуға рұқсат жоқ. Планшет камерасымен малдың сырғасында жазылатын штрих-кодты сканерлеп, ол туралы бүкіл деректерді жүктеуге болады. Ветеринарлар қосымшаға арнайы берілген пароль және PIN-кодпен кіріп, 4 негізгі модульмен жұмыс істей алады. Атап айтсақ, мұнда түлікті оның иесі бойынша есепке қойып, қажет болса шығарып, өзге де деректерді алуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар түлікке қатысты қан сараптамалары, ағзаның жұмыстары туралы ақпарат та қолжетімді. Желі жоқ аймақта қосымшамен жұмыстанған ветеринар интернет пайда болған сәтте осыған дейін терген деректерді базаға жүктей алады.

Жиналыс барысында ветеринарлар ауыл шаруашылығы түліктерін бірдейлендіру платформасына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

 Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале