30.09.2022, 12:02
Оқылды: 86

Мобилизация машақаты: біреуге бас қайғы, біреуге пұл қайғы

Қыркүйектің 21-інде Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Мұнысы Украинамен арадағы шиеленіс кезінде елдегі ер азаматтардың бірқатарын әскери қызметке шақыруды көздейді. Путиннің жарлығы жариялана салысымен ресейліктер елден шыға бастады. Тек 22-26 қыркүйек аралығында 18 мыңға жуық ресейлік Қазақстанға келген. Газетіміз шығып, сіздің қолыңызға тигенше, бұл ақпаратымыздың әлі талай еселенері анық.

WhatsApp Image 2022-09-30 at 11.55.57

Аудан орталығында да ресейліктер толып жүр. Бізде де оларға ат басын тіреп, түнеп шығар орындары әзірленген.

-Қыркүйектің 23-інен бүгінгі, яғни, 28 қыркүйекке дейін Сайқын шекара бекетінен 774 ресейлік өткен. Солардың 15%-ы ғана орыс ұлтынан болса, басым көпшілігі – қырымның татарлары мен дағыстандықтар. Аудандық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығы, дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ғимараттарына түнеп шығуға рұқсат етілді. Онда да отбасылы, балаларымен жүрген азаматтарға рұқсат беріліп отыр. Бөкей ордасы ауданы олар үшін транзиттік аймақ қой. Тек ақшаларын ауыстырып, көліктеріне жанармай құйып, ЖСН рәсімдеп, сим-карталарын сатып алуда. Шекарашылардың айтуынша, қыркүйектің 23-інен бастап, алғашқы төрт-бес күнде келушілер легі қарқынды болса, дәл бүгіндері саябырлаған, – дейді аудан әкімі аппаратының басшысы Асқар Әжіғалиев.

«Басқасын қайдам, өзім үшін қып-қызыл пайда»

Ресейдегі дүрбелеңнің қазақ қоғамында бір дүрліктіріп жібергені жасырын емес. Бұл босқындар ма? Әлде әскери міндетінен жалтарған, заң алдындағы жауапкершіліктен қашқандар ма? Бұл мәселенің әзірше бағасы беріліп, сараптама жасалмасы белгілі. Тек БҚО-ға бес күнде 16898 ресейлік кірген. Мигранттардың мыңдап, бәлкім, миллиондап кіруі қымбатшылық жағадан алған экономикамызды бұдан әрі тұралатып тастамай ма? Миллиардтаған қолма-қол рубльдің келуі, пәтер, қонақүй, такси мен басқа да қызмет ету секторындағы күрт қымбатшылықтың салдары жақсы болмасы анық. «Елде жұмыссыздық мәселесі шешілмей тұрғанда жүздеген мың шетелдік жұмыссыздар әлеуметтік дүмпу туғызбай ма? Коронавирус басталып, әбден күшейгенде де шекараны Қытайдың өзі жапқанша күткен біздің билік бұл жағдайда да әскери міндетінен қашқандарды Ресейдің өзі шектегенше еш әрекетсіз отыра бере ме, не болды?» деп шырыл қағып жатқан азаматтарымызға қарағанда «басқасын қайдам, өзім үшін қып-қызыл пайда» дейтін немқұрайлылардың көптігі жаға ұстатады.

WhatsApp Image 2022-09-30 at 11.55.56

Біреулеріміз ресейліктерге шекарадан кіргеннен ыстық шай, жүрек жалғар ауқатын, тегін темекісін ұсынып, түсетін үй-жайын тауып беріп волонтерлік қызмет көрсетіп, сауап жинап жүрсе, бәзбіреулер қандастарын қуып шығып, көтерме ақымен пәтерлерін беріп, пұл тауып мәз.

Әлеуметтік желінің қайсысын қарасаң да, желіні жарып тұрған – пәтерін босатып беруді талап еткен  қожайынның хабарламасы. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Арасында «Мұндай жағдайды пайдалануға болмайды. Өздері әрең жүрген адамның көз жасына қалып қайтем? Алла осыны бұйыртсын!» дейтін  ақ жүрек аналарымыз да бар. Дегенмен, осы жайттан жағдайларын дұрыстап алуға тырысып бағып жатқандар көп.

-Қызым Оралдың пединститутында оқып жатыр ғой. Оқу орнынан үш аялдамадай жерден тым жақсы пәтері бар еді. Осы пәтерден айырылып қалмау үшін жазғы каникул кезінде де ақшасын төлеп, ұстап отырамыз. Сол қожайынымыз пәтер ақысын 15 мың теңгеге өсіретінін айтыпты. Бұрын бір бөлмелі пәтердегі төрт қыз 20 мың теңгеден төлеп, коммуналдық шығынын қоспағанда, 80 мың теңгеге жалдап отыр едік. Енді пәтер ақысын 140 мыңнан бір шығарып отыр. Амал жоқ, келісеміз ғой. Қыздарымызды қуып шығып, ресейліктерге босатып бермегеніне шүкір деп отырмыз. Әйтпесе, оқу орнына жақын жерден, жол шығыны шықпайтын мұндай пәтер табу қиынға соғар, – дейді Орынай Рысқалиева.

-Төрт жылдан бері қызым Алматыда. «Пәтер ақысын әзірше өсірген жоқ» дейтін. Күні кеше әріптестерім біліктіліктерін арттыруға оқуға барған, Алматының шет жағынан бір бөлмелі жатаған үйді тапқандарына мәз. «Базарда түйе қымбаттаса, үйдегі қотыр тайлақ бұтын көтереді» деген, түк жағдайы жасалмаған ескі тас үйлердің де пәтерақысы аспандап қалыпты, – дейтін тағы бір ауылдасымыз Айнұр Шоманова.

Дана Абай айтқандай: ат беріп, ат алысып жүрген ағайынға қырын қарап, көлденең келген біреудің ұсынған тайына бұрылып кетіп жатырмыз. Пайдакүнемдікке салынып, қандасын қаңғытып, төрін босатып беріп жатқандардың сонау замандағы Отырардың қақпасын ашып беретіндерден несі кем?

Көп әріге бармай, өзіміздің аудандағы жағдайға тоқталсақ, ақша айырбастайтындар мен көліктің сақтандыру құжатын жасайтындар шекара бекетінің бейресми өкілдері сияқты «қона жатып» сол тұста жүр. «Есектің артын жусаң да...» деген ғой. Шансты жібермеу керек» дейді. Ал таксистеріміз жеті мың теңге төлеуге «жылайтын» жерлестеріне миығынан қарап, «құдайы қонақтардың» әрқайсысын 28! (жиырма сегіз мың) теңгеге облыс орталығына жеткізіп тастап жүр. Тіпті біреулері үш жүз мың теңгеге Оралдан асырып, Атырауға тасып әлек. Сайқын шекара бекетінен өтушілер аз болған соң кейбір көлікті жігіттеріміз Жәнібек пен Оралдың ортасына жол салып жүр. Әйтеуір, қу құлқынның қамы.

Бәрін айт та, бірін айт, ынтымағымыз ыдырап тұрған уақытта көршілердің көші үлкен сынақ боп тұр. Пейіліміз де, сеніміміз де, кісілігіміз де сыналып жатыр. Бір білеріміз, қазір іріткіден аулақ боп, ішкі тұтастығымызды көздің қарашығындай сақтайтын кез. Біздегі бір тілек сол, келгендердің кесірінен сақтасын.

Ұлпан Әнуарқызы,

zhaikpress.kz

Суреттердің авторы: Р.Халелов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале