11.04.2024, 9:45
Оқылды: 108

Мөлдір ниетті Мөлдір

Тек Жымпиты мен Бұлдыртыдан кейін Қособада, кейін Жетікөлде тасқын сумен күрескен күндер мен түндер өтті. Наурыз айының 26 – 27 – cі күндері еріген қар суынан көлшіктер тұна бастады. Кейін даланың суы жүріп, ол Бұлдырты өзенін «оятты». Бір – екі күннің ішінде су деңгейі сағат санап өсіп, теңіздей судың толқыны ауылдың шетінде жатты.

WhatsApp Image 2024-04-10 at 19.03.19

«Тұр – тұрдан хабар келсе, Ұйқыдан маза кетеді» - демейді ме? Іргеге су жақындағасын үйде жату болады ма, азаматтар жағы дереу күрек – қаптарын арқалап шығып, құм мен топырақтан жағалай шеп тұрғызды. Тілсіз жау «шабуылдайды – ау» деген тұстың бәрі қаппен шегенделді. Жұмыла жасалған еңбектің, бірігіп жасалған әрекеттің арқасында судың басы төртінші күн дегенде «ауыздықталды». Тіреліп тұрған теңіздің басы ауылға кірсе, Жымпитыдағыдай жағдай қайталануы бек мүмкін еді.

Халық тасқынмен күрестің ортасында жүріп, бар техникасын судың жолына күреске қойған Тілеген Хамидуллинге зор алғыс айтып жатыр. Топан судың алғашқы соққысын қабылдағандардың арасында ауылдағы аналар мен жеңгелер де бар. Оларды ұйымдастырып Мөлдір Теміралиева жүргенін ауылдастарынан естідік.

«Су жақындапты. Ерлердің бәрі күн – түндеп басында жүр!» - дегенді естіген Мөлдір дереу өзі секілді ауылдың келіншектерін хабарға қояды. Оларға апалар мен аналар қосылып, ортақ қаражат жинап, мектептің асханасына үлкен дастархан жайылды. Мөлдірдей шаруаға ширақ келіндердің арқасында ауылды айналдыра шақырым жарымдай аумақты биіктетіп, қап төсеп жүрген 100 – 150 адам, жәрдемге келген сарбаздар, халықты эвакуациялауға келген төтенше жағдайлар жөніндегі мамандар жылы жерде ыстық тамақ ішіп, әл жинап, бой тынықтырды.

- Әуелгі күні дастарханды үйлерге әзірледік. Кейін мектептің асханасын, жатар орындарын пайдаландық. Кейін өзіміз жуып, жинап тапсырып кеттік. Әркім сумен әлінше күресті. Өзімнің азаматым жұмыста, үлкен ұлым әскерде еді. Күрек ұстап су бөгей алмасақ та, ожау ұстап ас пісірелік дедік. Ауылдың азаматтарына келген 30 cарбаздың аяқтарына жылы шұлық, жолдарына сусын дайындадық. Жеңгелік міндетіміз ғой. – дейді мөлдір ниетті Мөлдір ханымның өзі.

Иә, жетікөлдік ағайын суды ниетімен тоқтатты.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале