19 наурыз күні Казталов ауданы орталығындағы «Ләззат» ЖК, «36,6» ЖК, «Байғазиева» ЖК-не тиесілі дәріханалар, «Сымбат», «Анашым», «Атамекен», «Doner pub» сынды тамақтану орындары мен мейрамханаларға санитарлық талаптардың орындалуы мен сақталуы жөнінде мониторинг жүргізілді. Мониторингтік топ құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, мобильді топ төрайымының орынбасары Айша Әбішева, аудандық «Ақжайық - адалдық алаңы» жобасының жетекшісі Аңсар Ибраев, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы Ұлболсын Құлбарақова, аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Нүркен Каманов болды.
Мониторингтік топ аталған нысандарда санитарлық талаптарға сай түсінік жұмыстарын жүргізе отырып, Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері М.Арыспаевтың 2021 жылдың 18 наурызындағы №8-ші «Батыс Қазақстан облысының аумағындағы карантиндік шектеу шараларды күшейту туралы» қаулысымен таныстырды. Сонымен қатар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары тарапынан Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында да тұтынушылардың тамақтан улану қаупі мен санитарлық талаптардың түсіндірілу керектігі ескертілді. Дәріханаларды тексеру барысында қажетті деп белгіленген дәрі-дәрмектердің бағасы мен сапасы тексерілді. Мониторинг барысында кейбір дәріханаларда тұрғындар сұранысының төмендігі салдарынан кейбір дәрі-дәрмектердің жоқтығы анықталды.
Мобильді топ өкілдерінің айтуынша, өңіріміз қайта "қызыл" аймаққа енуіне байланысты 20 наурыздан бастап карантиндік шектеу шаралы күшейтілетін болатын. Наурыз мейрамына белгіленген іс-шаралар жоспары онлайн форматқа ауыстырылды. Алдағы уақытта мониторингтік топ жұмысы жалғасын тауып, карантин талаптарын ескерусіз қалдырған азаматтарға тиісті шаралар қолданылатын болады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz