19.07.2024, 10:15
Оқылды: 25

Мопед айдаймын деп опық жеп қалмайық

Көктем келіп, жер аяғы кеңей бастағанда-ақ аудан орталығында электронды скутер мен самокат, мопедтерге жан біте бастады. Басында үлкендер мініп жүргеннен кейін көп мән бере қоймадық. Байқаймын соңғы кезде оның қатары тым көбейіп кетті. Әсіресе, жаз басталып, балалар жазғы демалысқа  шыққан кезде аталмыш көліктердің саны күрт өсті. Енді оған тек үлкендер ғана емес кішкентай балалар да мінетін болды. Бір өкініштісі оның соңы неге әкеліп соғатынына ешкім бас қатырып жатқан жоқ.

11F4DFD7-19B7-4832-A4FF-00FBF3701926

Қазіргі таңда арнайы тіркеуге тұрмай-ақ, кез келген адам  міне беруге болатын электронды мопедтердің  аудан бойынша нақты есебі жоқ. Оның үстіне Қытайдан арзан бағамен тапсырыс арқылы алдыра беретіні тағы бар. Ал жауапкершілік дегенді білмейтін, әлі де болса жол жүру ережесін толық меңгеріп үлгермеген  жасөспірімдер мұндай көліктің тізгінін қолға алысымен сақтық ережелерін естен шығаратыны ащы да болса шындық. Кейінгі кезде әлеу желіні аша қалсаң осындай көліктерді жүргіземін деп арты өкінішке әкеп жатқанын естіп жүрміз.

Иә, осы кезде бар жоққа қарамай баласының айтқанын істейтін ата-аналардың да жауапкершілігін арттыру  керекпе? - деген ой туындайды. Сондықтан қауіпсіздік үшін 16-ға толмаған жасөспірімдерге мұндай көліктермен жолға шығуға мүлде тыйым салу керек. Өйткені, олар тізгінді өз қолдарына алған соң желігіп, қызық үшін қатты жүріп, жол қауіпсіздігі мен ережелеріне атүсті қарайтыны да жасырын емес.

Жол ережесінің 24-бөлімі, 1 тармағында мопедті тек 16 жасқа толған адамдар ғана жүргізе алатыны жазылған. Соған қарамастан соңғы уақытта аудан мен ауыл көшелерінде 16 жасқа толмаған балалар рұқсат жоқ бола тұра мопед, скутер мен электросамокаттарды айдауға тым әуес. Ал, нәтижесінде түрлі тәртіп бұзушылықтар болуда. Оған мән беріп жатқан ата-аналар жоқ.

Сөзімізге тұздық болсын, жақында көлікпен теміржол өткелі арқылы өтіп бара жатып алдымызда мопедпен кетіп бара жатқан үш баланы көріп, бірден суретке түсіріп алдық. Олардың алдында көң-қоқыс тиеген трактор тіркемесімен кетіп барады. Жаңағы балалар тіркеменің артына тақалып алған, яғни арақашықтықты сақтамаған. Трактор Газ-Аймақтың ғимаратына жақындаған соң солға қарай бұрылып кетті. Ал жаңағы үшеу Алтынсарин мектебінің жанынан солға бұрыла бергенде соңында келе жатқан біреуі сасқалақтап, рөлге ие бол алмай қарсы келе жатқан шаран автокөлігінің алдын кесіп өтіп жолдың жанына түсіп барып тоқтады. Бір қауанарлығы ешқандай жарақат алмады. Сондағы айтайын дегенім әлі жол ережесін дұрыс білмейтін, рөлді дұрыс басқара алмайтын осындай балалардың кесірінен қаншама жағдай болып жатыр. Ата-аналар осыған неге түсіністікпен қарамайды. Егер сол жерде бір қате болса жаңағы жүргізуші кінәлі болып шыға келетін еді.

Әрине,  көше қозғалысына енді ғана араласа бастаған бұл көлік түріне сұраныс артқаны  жасырын емес. Бірақ заң аясында олардың да өзіне тән ережелері мен шектеулері бар екенін ұмытпағанымыз абзал.

Мопед – көлемi 50 текше см-ден аспайтын мотормен қозғалысқа түсетін көлік. Екi немесе үш дөңгелектi, ал ең жоғары конструктивтi жылдамдығы сағатына 50 шақырым болады. Оған аспалы қозғалтқышы бар велосипедтер мен осындай сипаттағы басқа көлiк құралдары да жатады. Күнделікті қаржы үшін қолданысқа ыңғайлы әрі жанар-жағармайды да көп қажет ете бермейтін мопед қарапайым халық үшін «құтты көлік» болып тұр. Кептелісте кедергісіз қозғалатын бұл көлік түріне төнер қауіп те аз емес.

Тіпті,  қос-қостан мінгесіп жүрген жасөспірімдер. Қала көшелерін былай қойып, қазір ауыл көшелерінде машинаға жол бермей жанталасып жүрген осындай көліктер  тар көшеде келе жатқан бала-шаға, үлкен кісілердің де өміріне қауіп төндіріп отыр. Ертелі-кеш көшеге шыға қалсаң көшенің шаңын аспанға көтеріп ұшып келе жатқан мопедтерді көргенде тығылатын жер таппай қиналасың.

Статистикаға сүйенетін болсақ, Еуропада мопед мінушілер үшін арнайы категориясы бар жүргізуші куәлігі қажет екен. Ал Украина 2010 жылдан бері сыйымдылығы 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтерді жүргізу үшін «А1» дәрежелі жүргізуші куәлігін алу керек екенін арнайы заңмен міндеттеген. Тіпті іргемізге тиіп тұрған Ресейдің өзінде мопед міну үшін «М» дәрежелі арнайы куәлік алу жүктелген. Бізге де осындай тәртіп керек-ақ.

Көшеде мопед мінген балаларды тоқтатып, оларға түсіндіру жұмысын жүргізу бағытында аудандық полиция бөлімі жұмыстанып жатыр. Оған Тасқала АПб ЖПҚб ЮПтКТІЖ аға УПИ полиция капитаны Эльдар Тапаловтың пікірі куә.

– Соңғы кезде өзіңіз көріп жүргендей электронды мопед міну сәнге айналды. Үлкендер өз алдына жол жүру ережесінен еш хабары жоқ кішкентай балаларда тізгіндеуге көшті. Мұның арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Осы бағытта біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.  Биылғы жылдың өзінде 4 хаттама толтырылды. Оның ішінде 127-ші бап бойынша 2 хаттама толтырылды.  Яғни кәмілетке толмаған балаларды  көшеде каска кимей мопедпен кетіп бара жатқан жерінен ұстап алып, ата-анасын шақыртып 2 хаттама толтырдық. 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Егер олар 1 апта көлемінде айыппұлды төлейтін болса, онда жаңағы соманың 50 пайызын, яғни 5 АЕК төлейтін болады. Сонымен қатар, 615 және 620 баптар бойынша бір-бір хаттамадан толтырылды.    620 бап бойынша бірінші рет ұсталғаны үшін  ескертумен құтылды. Егер сол адам тағы қайталайтын болса онда 3 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болады. Ал, 615 бап бойынша ұсталған тұлғаға заң шеңберінде 2 АЕК, яғни 7384 тенге айыппұл салынды. Егер ол екінші қайтара ұсталатын болса 10 АЕК көлемінде 36 940 теңге айыппұл төлейтін болады. Сондықтан барша тұрғындарға айтарымыз үлкен бол, кіші бол заң бәріне ортақ. Жоғарыда айтылған электронды көліктерді басқармас бұрын алдымен ойланып көріңіз. Сенің кесіріңнен басқа біреу зардап шегіп жүрмесін. Мұқият болайық, - дейді Эльдар Батырұлы.

Бүгінде балғын балалық шақтың балдай күндерінде астарына мопед мініп жүздері қуанышқа толы балалардың қатары күн санап көбейіп келеді. Иә, олардың шаттанып жүргені кімді болмасын қуантары анық. Дегенмен атаулы көлік тізгініндегі кішкентай балаларды көріп «байқап жүрсе екен» дейсің. Бізге олардың амандығы керек. Ойнаймын деп жүріп опық жеп қалмаса болды. Ата-аналарда осыған мән берсе екен.  Ойланайық ағайын!

Назгүл Жәрдемова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале