4.07.2024, 15:17
Оқылды: 178

«Мопед» мінгендер нені білуі керек?

Иә, жазғытұры шыққан соң, көшеде әрлі-берлі жөңкітіп зулаған мотоциклдер мен скутерлер, мопедтердің көбейгені соншалық, көз сүрінеді. Жол қозғалысының тағы бір қатысушысы саналатын көліктер қатарының қалыңдағаны әсіресе биыл анық байқалды.

8529EB71-122B-42E3-9853-C5E68F2C72B3

Фото: pixabay.com

Екі дөңгелекті «зырылдақты» тізгіндегендер жол таңдамайды, жаяу жүргіншілер жүретін жолда да, темір көлікке тиесілі тасжолда да ызғытып жүр. Бір жерге асығыс кетіп бара жатсаң, сені түйіп өтердей, жаныңа тақала келіп, мопед зу етіп өтеді. Токпен жүретіндері тіпті гүрілдемейді, бүйіріңді жанап өткенде, жүрегің зу ете түседі. Ересектер болса, айтып түсіндірерсің-ау, сол «қос дөңгелекті» кәмелетке толмаған балалардың тебетінін айтсаңшы.

Тәртіпке бағынып, жай теуіп жүрсе, ештеңе емес, кейбіреулері балалыққа салынып, желігіп, желмен жарысып, өзгелердің де осы жолмен жүретініне пысқырып та қарамайды. Ең өкініштісі – бүгінгі ұл-қыз осындай құрылғыларды ойыншығына айналдырып, жаяу жүргіншілерге, көлік қозғалысына кедергі келтіру арқылы жол-көлік оқиғасына себепкер болып жатқанын естіп-біліп жатырмыз.

Балалардың бұл әуестігі қаншалықты дұрыс, әлде бұрыс – осы тұрғыда ауыл тұрғындарынан, маманнан сауалнама жүргізіп, пікірін білдік.

Тілеужан Хасенов, оқытушы:

Мотоцикл, электр самокат ауылда шектен тыс көбейіп келеді. 1-2 оқитын оқушылар да жүр осы көліктерді теуіп. Олар жол жүру ережелерін мүлдем білмейді ғой, қай жерде қандай жылдамдықпен жүру, қай жерде қалай көлікті бұру керектігінен түк хабары жоқ. Расы керек, жолдың бойында ешқандай тәртіп болмай, қоқып кетті. Әсіресе кеште жұмыстан келе жатқанда, жолдың жанымен, үстімен ызғытқан мопед, скутер, самокаттан көз аша алмайсың. Мініп жүргендердің көбі – жасөспірімдер мен балалар. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Міндетті түрде қайғылы оқиғаны, бетін әрмен қылсын, біреудің зардап шеккенін күтіп қажет емес. Қазірден бастап дабыл қағуымыз керек, баласының тілегін қимай, осындай көлікті алып берген ата-аналарының санасына мұның арты жақсылыққа әкелмейтінін жеткізуіміз керек.

Әркім өз баласының жұрттан қалмасын деп сұрағанын алып береді. Бірақ ертең мертігіп, болмаса, өзгеге зияны тиіп жатса, не болмақ?! Қазір, бір жаманы, ата-ана баланың сұрағанын алдына тоса салады. Бір танысым «телефоннан айырайын, көше көрсін, үйде отыра бермей сыртқа шықсын деген оймен алып бердім» дейді. Бір әуестіктен құтқарамын деп, екіншісін ұсыну ақымақтық деп ойлаймын. Иә, балалардың тілегін ешбір ата-ана да жерге қалдырғысы келмейді.

Бірақ ұл-қызының амандығын қамдаған қай-қай әке-шеше де мопедке мінгізбес бұрын, жол жүру ережелерін үйретіп, жолда әдеп сақтауды құлақтарына құйып-құйып жіберу керек. Сонымен қатар мопед, скутер тектес көліктерге арналып, бөлек жол салынғаны да абзал. Оның өзінде де кәмелетке толмаған, өмірдің ақ-қарасын ажыратпаған жасөсіпірімдерге темір көлікті сеніп тапсыра салу ағаттық деп есептеймін өз басым.

Алмагүл Кеңесова, Чапаев ауылының тұрғыны:

– Бүгінде жаяу жүргіншілер қатары біртіндеп азайып келеді десек, қате болмас. Себебі автоөндіріс қарыштап дамып, түрлі көлік құрылғылары пайда болып жатыр. Мәселен, мектепке немесе жұмысқа күнделікті қатынауға электр самокат, мопед тектес көліктер көбейді. Өзім үшін бұл бір жақсы дүние болды, расын айтсам. Өзім өткен жылы токпен жүретін, жылдамдығы шамадан тыс аспайтын сондай мопедтің бірін сатып алдым. Жұмысқа, сонымен қатар ауылымыз үлкен болғасын, тағы басқа баратын жеріме тез жетемін. Такси шақырып немесе күйеуіңді мазалап, танысыңа телефон шалып, ешкімге жалынып жатпайсың. Керемет ойлап шығарған. Заман ағымынан қалмау керек.  Әрине жол жүру ережесін қатаң сақтаймын. Жолдың шетімен қозғалып, ешкімге кедергі келтірмеуді ойлаймын. Бастысы, өзімнің де, мінгескен балаларымның да, өзгелердің де амандығы. Сонымен қатар интернет-дүкеннен басқа киетін шлемді де сатып алдым. Төрт бала өсіріп отырмын, үлкені есейіп қалды. Менің «темір тұлпарыма» қызығады. Өйткені көшеде өзімен шамалас, тіпті кіші балалар зулатып жүр. Басында қылқылдап, бір айналып келуін өтінетін. Бірақ, бірден қатаң түрде қайтып сұрамастай етіп, тыйым салдым. Оның қандай қауіпке алып келетінін білемін, балаға да түсіндірдім. Ауылда мопед түгілі, кейде үлкен көліктер соқтығысып жатады, жазатайым оқиғаларды талай көріп жүрміз. Өзім Республика мен Исаев көшесінің қиылысына жақын жерде тұрамын. Айдың күні аманында сол жерде кейде аптасына екі-үш мәрте көліктер соқтығысып жатқанын көзбен көрдік. Бұл көліктің болғаны, әрине, жақсы, бірақ оған баланы отырғызуға қатаң тыйым салу керек.

Ерік Абдолов, аудандық полиция бөлімінің аға мемлекеттік автоинспекторы, полиция капитаны:

Мотоциклді жүргізуге рұқсат жасы 18 жасқа толған, А санатты басқару құқығы бар азаматқа беріле бастайды. Аталған құжат облыстағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығынан беріледі. Сонымен қатар мотоциклге, оған ұқсас көлікке отырғанда міндетті түрде шлем киіп, жол жүру ережесін сақтауы тиіс. Қазір ауылымызда көпшілік байқағандай, мотоцикл, электр велосипедтер толып кетті. Біз ахуалды күнде бақылап отырмыз. Электр мопедке баланы сеніп мінгізу – ата-ананың жауапкершілігінде. Егер қос дөңгелекті көлікке отырған, кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім ұсталса, ата-анасына ҚР Әкімшілік кодексінің 626-бабы бойынша хаттама толтырылады. Алдымен ескерту беріледі, келесіде қайталанса, үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Айту керек, барлық бензинмен қозғалатын көлікке жүргізу құқығы болу қажет. Ата-аналар мұны жәй велосипед тәрізді көреді, бірақ бұл қате түсінік. Ауданымызда болмағанымен, қалада, басқа аудандарда осындай көлектердің қатысуымен жол апаттары болып жатыр.

Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале