Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Ысқақова Бөкей ордасы ауданына келіп, ауылдық округ әкімдерімен, мекеме басшылары және мамандармен кездесті.
Алғашқы кезекте Бибігүл Тишанқызы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің өзгешелігін түсіндіріп, табысы кедейшілік шегінен төмен отбасыларға көмектесе отырып, олардың өз бағытын табуларына жәрдемдесу қажеттігіне баса назар аударды. Сонымен қатар АӘК-тің жаңа форматы учаскелік комиссияға зор міндет жүктейтінін ескертіп, олар мұқтаждық пен масылдықты ажырата білуі шарт екенін баса айтты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдәш Салауатқызы жаңа формат бойынша АӘК-ті тағайындауда бейімдеу шаралары мен әлеуметтік шартқа мән беру керектігіне тоқталды.
Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толымды жауаптар алды. Сондай-ақ облыс орталығынан келген меймандар бөкейлік көп балалы аналармен кездесіп, атаулы әлеуметтік көмекке қатысты олардың уәждерін тыңдауға да уақыт тапты.
Жақында жаңа үйге қоныстанған көп балалы Армангүл Шохаева АӘК-ке құжат тапсыруына жаңа мекенжайы жүйелік базада анықталмағандығы кедергі болып отырғандығын айтса, Жұлдыз Әбдірешева тігін ісіне мемлекеттен берілген грант бүгінде табыс әкелмей отыр деп көмекке мұқтаждығын алға тартты.
-Атаулы әлеуметтік көмекті үзбей төленетін төлем деп қарастыру қате ұғым. Ол еңбекақы емес, отбасыға кедейліктен арылуға берілген қаржы. Үкімет тарапынан беріліп жатқан түрлі гранттар мен шағын несиелер де солай. Бұл қаржылар қолды жая беруге емес, бойды тіктеуге берілген көмек. Оны алған әр азамат лайықты кәдеге асырып, пайда көзін табуы тиіс, - деді Бибігүл Қонысбаева.
Раушан Бақытова
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер