9.04.2022, 11:20
Оқылды: 64

Мұқырлық мұғалімдермен кездесті

Таяуда ақын әрі журналист Закария Сисенғали мен «Жаңарған өңір» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Жанайдар Болатбекұлы Мәстексай ауылдық округіне қарасты Мұқыр ауылында орналасқан Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымымен кездесті.

WhatsApp Image 2022-04-09 at 11.32.07 (1)

Кездесу барысында Ж.Болатбекұлы газеттің бүгінгі бет-бейнесіне тоқталып, тұрақты түрде шығып тұратын айдарлармен таныстырып, ұжымды тегістей аудан айнасына және облыстық қос басылым «Орал өңірі» мен Приуралье» газеттеріне жазылуға шақырды. З.Жүсіпқалиұлы ауданымыздың төл басылымының тарихына тоқталып, Мұқыр елдімекенінен қос бірдей редактордың шыққанын тілге тиек етті. Ә.Жангелдин атындағы мектептің директоры Арайлым Әдиетқызы газетке жазылудағы белсенділіктері жоғары екендігін айтып, биылғы жазылу науқанында да белсенділік танытады деп ұжымына сенім білдірді. Жиын соңында мектеп ұжымы аудандағы барлық мектептерге, әріптестеріне арнап үндеу жариялады.

Жаңақала ауданы, Мәстексай ауылдық округіне қарасты Мұқыр елдімекеніндегі Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің педагогикалық ұжымы мен қызметкерлерінің ауданның барлық халық ағарту саласы қызметкерлеріне арнаған

ҮНДЕУІ

Құрметті әріптестер!

Өздеріңізге белгілі қазіргі кезеңде елімізде бұқаралық ақпарат құралдары бұрын-соңды болмаған дәрежеде дамыды. Бүгінгі таңда әртүрлі әлеуметтік желілер арқылы әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан оқиғаларды білуге және оған жедел түрде үн қосуға болады.

Бұқаралық ақпарат құралдары қаншалықты өркениетке жетсе де қандай қоғамдық формацияда да баспасөздің рөлі төмендеп, маңызы жойылған емес.

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»-деген болатын. Халқымыздың ұлы перзентінің сөзі арада қанша уақыт өтсе де мәнін жоғалтқан жоқ.

Қазіргідей ақпараттар ағыны тасқындаған кезде тоқсан жылға таяу тарихы бар аудандық «Жаңарған өңір» газетінің де үні бір сәт бәсеңсіген емес.

Біз сарғайған газет тігінділерінен өз өңіріміздің шежіресін, осы өлкемізді мекендетуге орасан зор үлес қосқан қарапайым еңбек адамдарының санқилы тағдырларын, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмір жолдарын аймақтың тарихи тынысын таба аламыз.

Біз кейінгі толқын – ұрпақтар ауданымыздың арғы-бергі тарихын талмай жазып, баспасөзге өшпестей есімдерін қалдырған Д.Құдайбергенов, М.Жаданов, Т.Сәрсенғалиев, Н.Мақанов сияқты бабаларымыздың мұраларын әрдайым есте сақтаймыз.

Біз осы басылымда ұзақ жылдар қызмет атқарған У.Өтеуов, С.Қуанов, Ұ.Бақытов, Б.Жұмағұлов, Е.Әйпешов, Т.Рамазанов, Т.Арыстанәлиев, Ұ.Рахматуллин, А.Ғұбайдуллин, А.Шахин, Ө.Ақбасов, З.Сисенғали сынды қаламгерлердің баспасөзге сіңірген еңбектерін жоғары бағалаймыз. Осы газеттен редактор болған мектебіміздің екі бірдей түлектері Ұ.Рахматуллин мен З.Сисенғалиді әрдайым мақтан етеміз.

Газет – өмір айнасы десек, аудандық басылымда білім саласында сан қырлы жұмыстары ұлағатты ұстаздардың іс-тәжірибелерінің жан-жақты жарық көріп келе жатқанын атап өтеміз екен.

Өмір талабына сай газеттің мазмұны, шығармашылық қуаты көркемдік бедері көтерер мәселелері уақыт өткен сайын өткірленіп, оқырмандарын тарта түсуде. Үстіміздегі жылы ауданымыздың қайта құрылуының 50 жылдығына орай жарияланып жатқан еңбектердің жас ұрпақ үшін тарихи-танымдық, тәрбиелік маңызы ерекше болмақ.

Қазір адамдардың қоғамға өмір сүріп отырған ортаға жалпы елдің даму үрдісіне көзқарасы, сана-сезімі, ой-өрісі, жандана сипатталды. Демек, күнделікті өмірімізде баспасөздің де маңызы арта түспек.

Қадірлі әріптестер!

WhatsApp Image 2022-04-09 at 11.32.07 (2)

Біздер, Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің педагогикалық, барлық қызметкерлері осы кезге дейін аудандық «Жаңарған өңір» газетіне 100 пайыз жазылып келдік. Бұл үрдісіміз алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Осындай жарқын ісімізді жалғастыра отырып, ауданымыздың барлық білім саласындағы әріптестерімізді төл газетімізге жазылуға шақырамыз.

WhatsApp Image 2022-04-09 at 11.32.07

Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің педагогикалық ұжымы қызметкерлері.

Үндеу мектеп ұжымының жалпы жиналысында қабылданды.

Жарас Садық,

Жаңақала ауданы,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале