Қайырымдылық - адамның ізгі жүрегінен туындаған мейірімнің нәтижесі. Біреудің мүшкіл халін көріп, көмек қолымызды соза отыра, сол кісіні қуантсақ, ол да - біздің жүрегімізде ұялаған адамгершіліктің белгісі. Сондай қайырымдылық пен ізгіліктің, адамгершіліктің үлгісін Жаңақала ауданы Мұқыр ауылының тұрғындарының бірлігімен жүзеге асқан іс-шарадан көруге болады.
Ауылдастары «Қайырымды істер марафоны» аясында жалғызбасты ана Орынай Жұмагалиеваны баспанамен қатамасыз етті. Кейіпкеріміз баспанасының апаттық жағдайда екенін айтып, өз шағымын бұрындары жеткізген еді. Сол өтінішін ауылдастары қаперге алып, өтінішін орындап берді. Ауыл ішінен баспана тауып, оны күрделі жөндеуден өткізе келе құжаттандырып, иесіне табыстады. Жомарт жүректі мұқырлықтар осылайша ауылының бір отбасын қуантып, үйді сыйға тартты десе де болады.
Осы қайырымдылыққа атсалысқан ауыл азаматы Энгельс Қуанышұлы өз қаржысына жылу жүйесін жүргізіп берген болса, ауылдың шаруа қожалық басшылары мен жанашыр ауылдастары үйдің ішкі жөндеуіне қаржылай қолдау көрсетті. Баспаналы болған Орынай Сағынқызы осы істің бастамашысы болған жанашыр жан Энгельс Қуанышұлына, өз үйінің екінші бөлігін қоныстандыруға келісімін берген үй иесі Халиуллин Кенжебайға, үйдің ішкі жөндеуіне көмек қолын ұсынған ауыл тұрғындары Ақан Қуанов, Рамазан Айтқалиев, Алтынбек Ихсановқа зор алғысын айтып, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ 100 мың қаржылай көмек көрсеткен Мұқыр ауылында 1964 жылы туған, мектеп бітіргендеріне 40 жыл толған түлектеріне, қаржылай көмек көрсетіп және балаларын мектептің оқу құралдарымен қамтыған «Тлеушов А» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Мырзағалиұлына шексіз алғысын білдіріп, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
«Жұмыла көтерсе, жүк жеңіл» дегендей, бірліктің бастауы, қайырымдылықтың үлгісі болған бұл істің артында балалардың шексіз қуанышы мен ананың ақ батасы жатыр. Құт мекен болған құмдағы кішкентай ауылдың адамдары - бір-біріне әркез тілеулес, қиналғанда көмек қолын соза алар жанашыр, ынтымағы жарасқан тату ел. Бір үйдің қуанышына өзінің қуанышындай қарап, асарлатып жүретін ортақ істері аз емес. Киелі Мұқыр мекенінен шыққан пейілі таза, көңілі дархан, қолы жомарт жандардың көп екенін жерлестеріміздің әлі де дәлелдейтіндіктеріне куә боларымыз анық. Мұқтаж жандардың баспаналы болуына үлес қосқан жақсы адамдардың баршасына алғыс айтамыз!
Құндыз Қадырбаева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz