29.01.2025, 16:45
Оқылды: 70

Мүмкіндігі шектеулінің де мүмкіндігін ашқан

Жалпы ерінбегеннің кәсібі өркендеп, нәсібесі артатыны рас. Бүгінгінің жалқаулықты жақтыртпайтын заман екені тағы белгілі. Өз кәсібін дөңгелету үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы бақтарын сынап, грант иегер атанып, қайтарымсыз несиеге қол жеткізген жерлестеріміз жайында жариялаудан кенде емеспіз.

Енді оқырмандарымызды кәсіпке ынталы тағы бір жанмен таныстырғалы отырмыз. Чапаевтық көпбалалы ана Әсемгүл Қапышеваның шағын кәсібін бастауға 1 млн 300 мың теңге көлемінде грант алғаны тек былтыр ғана. Жылға жетпейтін уақытта іске ширақ келіншек қажет құрал-жабдықтарын алып, ғимарат жалдап, бүгінде аудан орталығында есімі көптің құлағына жеткен кәсіпкердің біріне айналды.

IMG_7566

Кәсібі қандай деп сұрайсыздар ғой. Әйелдерге таңсық емес іс – жартылай дайын ет өнімдері, кондитерлік тағамдар ұсынады. Яғни, ол тұшпара, жайма нан, самса, дәмді торттар. Бизнесіне қарап, Әсемгүлдің негізгі мамандығы аспаз екен десеңіз  қателесесіз, ол – есепші. Бастапқыда өз мамандығымен жұмыс жасап та көрген, беделден де кенде болмады, тиянақтылықты, жауапкершілікті сезінді. Алайда кішкентай нәрестенің кұтімімен үйде отырғанда, осы бір ой санасына бекіп алып, кәсіп ашу жолдарын қарастыра бастайды.  Мемлекеттік қолдаудың сан түрін бағамдай келіп, қайтарымсыз гранттың конкурсына құжат тапсыруға бекінеді. «Сабақты ине сәтімен» демей ме?!  Грант иегерлері қатарынан табылғанда, қуанышы қойнына сыймағаны рас.

– Біз әйел адамдар  жұмыстан үйге келе жатып, кешкі асқа қандай тағам дайындайтынымызды ойлап келе жатамыз. Менің арманым еді – шіркін, үйге барғанда, дастархан мәзіріне бас ауыртасам екен немесе дайын тамақ өнімін ұсынатын жер болса ғой деп. Жұмысбасты өзге де отаналардың да тілегі осындай екеніне шүбәм жоқ. Сондықтан мен осы цехты ашу арқылы әйел адамдардың бір арманының орындалуына себеп болдым деп ойлаймын, – деп күледі әзілдеп кейіпкеріміз.

Әлқисса, Әсемгүлдің бастаған ісі берекелі болды. Тіпті бізбен сұхбаттасуға да уақыт табудың өзіне қиналғанынан тапсырыстың қаншалықты мол екенін бағамдадық. Әрине, бір адамның мұншама зор жұмысты өзі алып жүруге шамасы жетпейтіні анық. Осы ретте кейіпкеріміздің қолдаушысы да, көмекшісі де – цехтағы жұмысшы Юля Кадрова.

Юля туралы да бөлек айтып кеткен артық емес, ол – анасының қарауындағы мүмкіндігі шектеулі жан. Юля туабітті мылқау, әрі құлағы да естімейді. Әсемгүл онымен ым арқылы немесе қолындағы планшетке хабарлама жазып тілдеседі. Юляның, мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, жұмысында шапшаң, қағылез, мұқият екенін цехқа барғанда көрдік. Әрі түсіндіргенді де екі айтқызбайды, өте шебер екен.

IMG_7575

Еңбекқор, жұмыс десе жанып тұрған қызметшісіне кәсіпкер барлық жағдайды жасап қойыпты. Мүмкіндігі шектеулілердің жұмыс істеуіне арналған бүкіл талаптарды орындап, Юляға су жаңа планшет де алып берген.

– Ешкімді жұмыстан шеттетуге болмайды. Адамның түр-тұрпатына қарап, алалауға жол жоқ. Сондықтан аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен хабарласып, Юляны жұмысқа алуға өтініш білдіргенде, қарсы болмадым. Алғашында тәжіриби жинақтады, іске епсек әрі алғыр екен, тез қағып алды, – деп қызметшісіне ризашылығын жасырмады Әсемгүл.

Бұл цехта тек Юля ғана емес, сонымен қатар тағы екі адам жұмыспен қамтылған. Олар тапсырыстар көбейіп, үлгере алмай жатқан сәттерде көмекке келеді.

– Жарты жылға енді аяқ басты цехты ашқаныма. Шүкіршілік етемін, ісіміз оңға басып келеді. Қызметкерлерім мен біз дайындаған өнімді сеніп алатын жерлестеріме рахмет. Үш ұл мен бір қыздың ата-анасымыз, жолдасым дәнекерлеуші болып қызмет етеді. Бала болашағымыз ғой. Екеуіміздің де осы тірлігіміз солардың келешегінің жарқын болуы үшін.  Олардың ештеңеден тарықпауына тікелей жауапты – өзіміз. Әрі адал еңбекпен келген табыстың берекелі болатынын ұрпағымызға бала кезінен өзіміздің үлгімізде көрсетуіміз керек. Кәсібін дамытамын дегендерге мемлекет тарапынан қолдау мен көмек орасан. Яғни елімізде кәсіпкерлердің аяқтан тұрып кетуіне толық жағдай жасалған, тек сол берілген мүмкіндікті тиімді пайдаға жарата білу керек.  Менің айтарым – әрбір азамат пен азаматшаға ойға алған мақсаттары мен армандары орындалсын, ол үшін ұмтылыс, табандылық қажет. Береке мен ырысқа толы күндер болсын, – дейді игілікті ісін бастап кеткен жас кәсіпкер.

Әсет Сағындық,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале