28.10.2021, 11:57
Оқылды: 37

Мұңлық жандарға мейірім сыйлаған

Дариян ауылындағы халық арасында «Қарттар үйі» аталып кеткен әлеуметтік мекеме тағдырдың жазуымен жалғыз қалған жандардың мекеніне айналды. Түрлі тағдыр иелерінің басын біріктіріп, бір отбасындай ұйытып отырған орталыққа барудың сәті түсті. Арнаулы әлеуметтік мекеменің директоры Дастан Мырзағалиевке жолығып, орталықтың жұмыс барысы жайында сұрап білдік.

smart

-Дариян арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 53 қамқорланушы,54 қызметкер бар. Қызмет алушылардың 30-ға жуығы егде жастағылар, 20-дан астам адам орта жастағылар мен ата-анасынан ерте қалып, жетімдер үйінен келген жастар. Егде жастағы бір адам І топтағы, қалған 52-сі ІІ топтағы мүгедек жандар. Аталған жандар мен олардан басқа мүмкіндігі шектеулі қамқорланушыларға 8 әлеуметтік қызметкер, атап айтқанда, психолог, әлеуметтік құқықтық қызмет көрсетуші, әлеуметтік медициналық қызмет көрсетуші, мәдени қызмет беруші қамқорлық жасайды. Сондай-ақ дефектолог, дене шынықтыру нұсқаушысы қызмет көрсетеді. Қызмет алушыларға мемлекеттік стандарт бойынша арнаулы қызметтер көрсетіледі. Бөлім арнайы бір санитарлық, бір қызметтік көлікпен қамтылған, – дейді Дастан Мырзағалиев.

Бізді әлеуметтік мекеме күздің жайқалған сары жапырағымен, тап-таза демалыс алаңымен қарсы алды. Қай жерге көз салсаңыз да, жайбарақат екеу-екеуден сейілдеп жүрген не тыныстап отырған қамқорланушылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарды көресің. Арасында сурет салумен айналысып жатқандар да бар. Әйтеуір, бір алаңсыз да тыныш тіршілік. Іштегі шағын жатын бөлмелері мұнтаздай таза. Бөлмелерде қызмет алушылар екеу-екеуден, кейбірінде төртеуден жатады.

Сырт көзге бұл орындағы жандар мұңсыз көрінетіні рас. Мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауының арқасында олар ештеңеге мұқтаж емес. Бірақ қамқорлаушылардың жан дүниесінде бір кірбің, бір өкініш бары көрінеді. Әрине, оған еш қатысымыз жоқ. Сірә, әркімнің өз тағдыры мен өміріне налуы болса керек. Десе де бір таңданарлығы, көбі оны сездірмеуге тырысады. Орталық басшысы Дастан Мырзағалиев әр қамқорланушының мұңын сезгенімен, мүмкіндігінше көңілдерін аулауға тырысатынын айтады.

-Бұл мекеменің ашылғанына 2 жылдан асты.Осы уақыт ішінде мұңлық жандарға мейірімдерін аямай еңбек етіп жатқан әріптестеріме алғысым шексіз. Атап айтсам, 30 жыл мейірбике болған Оксана Суркова, Гүлбаршын Тұралиева, Альбина Кенжина, Людмила Батырова, Ольга Голубых, тамақтану блогінің мейірбикесі Тұрсын Берниязова, әлеуметтік педагог Ақзия Исмағұлова, педагог-мамандар Манас Досқалиев,Ұлан Зинекешов, қызмет алушылардың үй-мүлкі жағдайындағы құжаттарын реттейтін заңгер Әсем Берниязова,тауарлар есебін және тамақ жөніндегі тендер ісін жүргізетін, қызметкерлердің жалақысын есептейтін және отбасы жағдайларына байланысты қаржыны бөлетін бас есепші Дина Сексембаевалар өз істерін мінсіз атқарып келеді, – дейді Дастан Мырзағалиев.

image_l

Мекеме ішін аралап жүріп, көп қызметкердің қамқорланушының туысындай боп кеткенін байқауға болады. Көңілі қаяу жандардың тілін тауып, үнемі қамқорлық көрсетіп, қуантып отыруды қызметкерлер өзінің кәсіби парызы санайды.

Әр қамқорланушы өзіне қызмет көрсететін жанеңбек демалысынан келгенде қуанып қарсы алады екен. Ондай сәттерде қызмет көрсетушілер де ерекше қуанатын көрінеді. Кей уақытта қамқорланушы мен қызметкер арасында аздаған кикілжің туса, басшылық пен басқа жандар еріксіз төреші қызметін атқарып, екі тарапты татуластыруға тырысатынын да айтады мекеме басшысы.

-Көбіне қамқорланушыңды жақтауға тура келеді. Қызметкерге де түсіндіріп, көңілін басамын. Ісіме ынтам мен ықыласым бар. Әріптестерімнен төзімділік пен қамқорланушыларға деген ықыласты талап етемін, – деді Дастан Қадерұлы.

Иә, айтса айтқандай. Кей қызмет алушылардың ағайыны не ұл-қызы келіп тұрса, жылдар бойы жанына ешкім жуымайтындар да кездеседі. Сөз жоқ, сан алуан тағдыр, сан алуан пенде.

Мекеме басшысы Дастан Мырзағалиевтың пікірін оның мейірбикесі Оксана Суркова да мақұлдады. Қажырлы да қайырымды Оксана Николаевнаның айтуынша, қызмет алушылар оның туысындай болып кеткен. Ол, әсіресе, қызмет алушылардың денсаулығының бірқалыпты болғанын қалайды.

-Жұмыстың қызығы да, шыжығы да жеткілікті.Үйрендік, мол тәжірибе жинадық. Әлі де аянбай еңбек еткіміз келеді, – дейді мейірімді медбике.

-Негізгі мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Орталыққа келгеніме көп болған жоқ. Жағдайымыз жақсы.Тек аздап ауырамыз, ондай шақта медбикелерге жүгінемін.Тағдыр осы өмірді басыма берді. Қайтейін, ешкімге де өкпем жоқ. Анам Надежда Ивнеевна Атырау қаласында. Жылына 3-4 рет келіп, жағдайымды біліп тұрады. Ал қамқоршыларыма алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді қызмет алушы Зәуре Елемесова.

Сөз жоқ, адам өмірі тек ішіп-жеумен ғана шектелмейді. Осы орайда мекеме ұжымы қамқорланушыларына түрлі қоғамдық шараларды ұйымдастырады.

-Мемлекеттік және кәсіби мерекелерді атап өтуге біз де белсене қатысамыз. Жасым 52-де.Өзім бала кезімнен көгершін ұстап баққанды жақсы көремін.Осында келгеннен кейін де сол хоббиіммен айналысуыма жағдай жасаған мекеме директоры Дастан Қадерұлына алғысым шексіз.Бүгінде 31 көгершінім бар.Солардың жем-суын беріп, өскендерін аспанға ұшырып серуендетіп, балапандарының аман өсулеріне қолғабыс жасаймын, – дейді қамқорланушы Асылбек Тапанов.

Мекеме ішін аралап жүріп, оның өзіндік аурасы бар екенін байқадық. Мұң мен шер, мейірім мен қамқорлық сезіледі. Әр қызмет алушы тағдырына налығанымен, қамқорлаушы жандарға деген ризашылығын сездіріп тұрады. Әрине, көп адам мұндай орынның болмағанын қалайды. Бірақ ашылған соң мұңлық жандарға қамқорлық көрсету – адамзаттың парызы. Сол парызды мінсіз орындап жүрген жандар қандай құрметке болса да лайық.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале