Бөкей ордасына қарасты А.Құсайынов атындағы білім ордасының екі білімпаз шәкірті республикалық ұлттық "Мың бала" олимпиадасында топ жарды.
Әу баста бұл сайыстың бірінші кезеңіне ауданымыздан алты шәкірт мүдірмей өтсе, 2018-2019 оқу жылының математика, жаратылыстану бағыты бойынша тоқсандық жиынтық бағалауларының қорытындысы арқылы Айбат Өтежанов пен Айназ Наурыз келесі кезеңге жолдамаға қол жеткізді. Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған сайыс Казталов ауданында тест түрінде ұйымдастырылып, нәтижесінде мыңның ішінен Айбат Өтежанов пен Айназ Наурыз суырылып шықты.
Қос жеңімпазды аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұркен Сабыров құттықтап, "Елбасы академиясы" корпоративтік қорының директоры Ф.Қуанғановтың дипломымен марапаттап, ноутбук табыстады.
Нұрай Таубай,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz