Жуырда Бәйтерек ауданы Дариян ауылындағы М.Шолохов мемориалдық мұражайында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен ауылдық кітапхана қызметкерлері «Мен Тәуелсіздік құрдасымын» тақырыбында кездесу кешін өткізді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға Әділхан Қадыров, Абай атындағы мектеп -гимназия-интернатының логопеді Жазира Қалиева және ауыл жастары қатысты.
Жастар көшбасшысы Мәрзия Қонысбаева ашып жүргізген, құнды деректерге толы шара аса қызықты өтті. Еліміздің отыз жылда жеткен жетістіктері туралы кеңінен сөз болды. Басқосуда 1991 жылы дүние келген Әділхан мен Жазира Тәуелсіздіктің құрдасы болу ерекше жауапкершілікті жүктейтінін атап өтті. Сондай-ақ жастарды Тәуелсіздігіміздің маңыздылығы мен қадірін жете түсінуге шақырды.
Әр жас ел дамуы үшін бар күш-жігерін, қуат-қайратын жұмсауы тиіс. Қазақстанның болашағы - жастар, сондықтан ортақ Отанымыздың гүлденуіне әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек,- деді кездесу соңында М.Қонысбаева.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz