Батыс дәстүрлі ән өнерінің өкілдерінің Қаратөбеден бастау алған думанды көші Хан ордасына ат басын тіреді. Аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Данагүл Ғайнуллина мен ауыл әкімі Әлібек Айтқалиев бастаған топ ата салтымызға сай қадірменді қонақтарды ақ ұсынып, қарсылап алды.
Ән-Мұхит мұрагерлерінің әуезді кешінің шымылдығы Ернар Өмірәлінің орындауындағы «Сәлем, Қазақстан!» әнімен ашылды. Ән кешінің тізгінін ұстаған
ҚР Мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Құсайынов орындаушылардың аты-жөнін ғана хабарлап қоймай, ән тарихын баяндап, шараны мағыналы әңгімесімен айшықтай түсті. Бұл ән кешінде сахна төрінен табылғандардың еш осалы жоқ. Бәрі де дәстүрлі мектебінің ән-сүлейлері. Атап айтсақ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, атақты Қатимолла Бердіғалиев, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, Ғарифолла Құрманғалиевтың ізін жалғаған қара баласы Серік Әбдірахманов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күміс көмей Қайрат Какимов, ән өнерінің тарланбоздары ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі, Бейбіт Қажығалиев, талантты телқоңырларымыз Фархат пен Асхат Оразовтар, жас талантымыз Назгүл Қабиевалар өнер көрсетті. Ән-думанда Мұхиттың «Зәуреші» мен «Айнамкөзі», Ғарекеңнің «Сүйген жары» мен «Үш қызы», «Еңбек туралы» термесі мен «Әнші дауысы» әндері тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.
Өз кезегінде сөз алған Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажығалиев:
– Бүгін, міне, «Мұхиттың мұрагерлері» жобасымен Қаратөбеден бастау алып, Сырым, Тасқала, Бәйтерек, Теректі аудандарында болып, бүгін Бөкей топырағына табан тіредік. Бұл жоба Мұхиттан қалған әнді бізге дейін жеткізген Ғ.Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Жобаға қолдау білдірген аудан әкімдігіне, әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз, - деп жоба маңызына тоқталды.
Өнер ұжымын қарсы алып, басы-қасында жүрген аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов:
– Бөкей жұртына қош келдіңіздер! Мұхиттан қалған мол мұраны, Ғарекеңнен қалған ән жауһарын насихаттаған өнер сапарларыңызға сәттілік тілеймін, - деп, өнер ұжымына аудан әкімі атынан алғысхат табысталып, ықылас гүлін ұсынды.
Ұлпан Әнуарқызы
Бөкей ордасы ауданы