26.06.2024, 19:00
Оқылды: 164

Мұхиттың мұрагерлері Бөрліге барды

Ақсай қаласына «Мұхиттың мұрагерлері» келді.  Облыс орталығындағы «Атамекен» өнер орталығының жаңа жобасы осылай аталған екен. Олар ән дүлдүлі Ғарифолла Құрманғалиевтың 115 жылдығына арнап өңір аудандарына ән шашу дайындаған.  Батыстың ән дәстүрінің айтулы өкілдері сахнада әуелете ән шырқап, төкпелете термелетіп, көрерменнің айызын қандырды.

C42664EA-E042-4773-87BD-C589C5E6A13C

Кеш қонақтары да дуылдата қол соғып, өнер саңлақтарына қолдау-құрмет көрсетіп отырды.

«Осымен оныншы ауданға келіп өнер көрсетіп отырмыз - деді «Атамекен»  өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла. – Барлық жерде де үлкен қошемет, ыстық ықылас көріп келеміз. Қаршығанақтай мұнайлы-газды жерде тұрған халықты білмейтіндер ақшаның ізіне түскен, байлықтың соңынан қуған адамдар деп ойлауы мүмкін. Жоқ, өздеріңіздей кимешектері айдын көлде жүзген аққудай боп отырған әжелер мен ақ самайлы аталар, сіздер отырғанда, сіздердің осынау дәстүрлі әнге деген ықыластарыңызды көргенде мүлде олай емес деп айта аламын».

70B48A14-8C37-44AA-A7F8-E2263037F955

Концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың ықылас гүлін ұсынды. Өнер саңлақтарына ұлттық өнерді өркендету жолындағы еңбектеріне алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. Үш жүзден ән оздырған атақты сал Мұхиттың шөбересі Әсия Мұхитова әншілерге ақжарма тілегін айтып, батасын берді.

Ақын Қайырбай Нұрханов сахнаға көтеріліп, жыр шумақтарын арнады. Концертте бір өзі бір ән мектебіне татитын өнер тарландарының арасында атақты Қатимолла Бердіғалиевтың болуы да осы кешті айшықтай түскендей.

7B0653E7-A601-4ABE-8C1E-BF8EAB9C78CE

Өнер кешінің «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің қатысуымен өткені, оны өнер майталманы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, дәулескер күйші Дәулеткерей Құсайыновтың жүргізуі де кештің шырайын келтірді. Көрермен қауым бабалардан бізге жеткен қазақ ән өнерінің ғажайыптарын  ұсынған, Мұхиттың шын мәнінде мұрасын жалғастырушыларға  бек риза болса, өнерпаздар дәстүрлі ән тыңдаушылардың көбеймесе азаймағанына куә болып тарасты.

Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале