«Мұхиттың мұрагерлері» жобасы аясында Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына орай Батыс дәстүрлі ән мектебінің ән керуені Шыңғырлау ауданына келді.
Жырдан шашу шашқалы келген өнерпаздарды аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев «Шырайлы Шыңғырлау еліне қош келдіңіздер!»деген ниетте, құшақ жая қарсы алды. Ауданға кіреберісте шыңғырлаулықтар ат мінген шабандоз жігіттерімен, қазақы дәмін ұсынған бойжеткендерімен, қара домбыраны күмбірлете ойнап, әсем әнді әуелете шырқап, күтіп тұрды.
Осындай ілтипаттан ерекше әсер алған Мұхиттың мұрагерлері: «Осыған дейін болған әр аудан құрметтерін көрсетіп, өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Ал, Шыңғырлау елінің қонақжайлығы тіптен тәнті етті. Ауыл басынан күтіп алуының өзі тым өзгеше», - деп, ризашылықтарын жеткізіп жатты.
Қонақтар ең алдымен аудандық саябаққа барып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін төрткүл дүниеге танытып, халқының Ақкербезі атанған айтулы әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Осы арада аудан өнерпаздары өз өнерлеріннен халықтық терме, ән-күйлерін тарту етті. Сондай-ақ «Ел еркесі – Қалампыр» атты кітап көрмесі ұсынылып, әнші ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Кейін қонақтарымыз шыңғырлаулық көрерменге мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған концерттік бағдарламасын ұсынды. Дәстүрлі өнердің саңлақтары шырқатып әнге салғанда халық ұйып тыңдап, шарықтау шегінде қолдау білдіріп, жігерлендіріп отырды. Расымен де олардың орындау шеберліктеріне таңдай қақпасқа болмайды.
Қасиетті қара домбыра мен қазақы қоңыр дауыс үндескенде алған әсер өте ерекше. Орнынан тұрып, бірге шырқап кеткісі келген көрермен ықыласы көп байқалды. Өнерсүйер ағайынның осындай шығармашылықты сағынғаны – әр өнерпаздың орындауына ыстық ықыласын білдіріп, қошеметін жаудырып отырғанынан да көрініп тұрды.
Кеш тізгінін ұстаған Дәулеткерей Атауұлы концерт бойы орындалған Мұхит Мерәліұлы мен Ғарифолла Құрманғалиевтің шоқтығы биік туындыларының шығу тарихын, орындаушысының жетістіктерін жеткізе айтып, көрерменге хабарлап отырды. Кештен шыққан халық тек ән-жыр тыңдап қана емес, есті әңгімелер мен естеліктерден мол тағылым, рухани азық алып шыққандай.
Шыңғырлау төрінде жырдан шашу шашқан айтулы ақын, тарланбоз әнші Қатимолла Бердіғалиевке ауыл қариясы ризашылығының белгісі ретінде шапан жапты. Халықтың сый-құрметіне, ыстық ықыласына ырза болған әнші алғысын әнімен жеткізді. Өнерпаздарға қошеметін аямаған қалың көрермен, кейбір әншілерден тағы ән сұрап отырды. Алдыңғы қатарлардан орын алған ауыл үлкендері құшақ-құшақ гүлімен келіп, өнерпаздарға ұсынды.
Концерт аяқталған соң сөз алған жоба жетекшісі Бауыржан Халиолла шыңғырлаулықтарға ризашылығы мен алғысын білдірді. Алыстан ат терлетіп келген еңбектің ақталғанын, қазақы өнерді бағалайтын, саналы сөзді саралайтын шынайы көрерменнің осында екенін айтып, тамаша кештің жүзеге асуына себепкер болған әрбір жанға, сондай-ақ аудан басшылығына рахметін жеткізді. Кейін ауылымызға қонақ болып, әсерлі кеш өткізіп, тұрғындарды қасиетті өнермен сусындатқан «Мұхиттың мұрагерлері» жобасы ұжымына аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан алғысхат, ықылас гүлі мен естелік сыйлық табысталды.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы