Сырым ауданының облыстың басқа аудандардан ерекшелігі - қос музей жұмыс жасайды. С. Датұлы атындағы тарихи -өлкетану музейінің Алашорда тарихына арналған дербес ғимараты - бұрынғы көпес Таракановтың үйіне халық «Алаш мұражайы» деген атау берген.
Сырым атындағы музейдің қорындағы 6000 жәдігердің басты бөлігі аудандық мәдениет үйінде орналасқан. Бөлмелер музей үшін тар.
Осы мәселені шешу мақсатында Жымпитыда ғимарат сатып алынып, 218 млн 423 мың 469 теңгеге жөнделді. Енді музей экспозициясына қаражат керек. Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев музейдің жаңа ғимаратымен танысты. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов бейімделген ғимараттың бос тұрғанын, егер көрме келбетін жабдықтау жұмыстары жуық арада қаржыландырылмаса, жобаның құны жылма-жыл өсіп, мемлекет шығынға ұшырайтынын айтты.
Нариман Төреғалиев облыста басы басталып, ақыры аяқсыз қалған 59 нысан бар екенін, әуелгі мақсат - сол жобаларды тиянақтау деді.
Сондықтан Жымпитыдағы музейді экспозициялау үнемделген қаражат есебінен, кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Фото: Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz