27.06.2023, 12:15
Оқылды: 19

Музыка мен спортқа құштар дәрігер

Қапиет Ғинаятұлы – бұрынғы Тайпақ ауданының тумасы.  Ал  әкесі Ғинаят еңбек және соғыс ардагері болатын.  Анасы Нәбира отағасына төрт ұл мен екі қыз сүйдірген отанасы еді. Бүгінде олардың бәрі – бір-бір шаңырақтың иелері.

498d46bd-4dfa-439b-baee-a8d848dde171

Қапиет дүниеге келгенде есімін атасы Қарақойшы қария қойыпты. Бүгінде сол Қапекең де жетпістің төріне ілігіп жатыр. Біздің ендігі әңгімеміз азаматтың осы кезге дейін қандай қызмет атқарып, нендей жетістікке жеткені жайлы болмақ.

Қапиет Ғинаятұлы Тайпақтағы Талап орта мектебін 1970 жылы бітірген соң еңбек жолын жұмысшыдан бастаған. Дегенмен, бозбаланың көңіл түкпірінде бір арман баяғыдан маздап жатыпты. Ол – қалай  да дәрігер мамандығына қол жеткізу. Оған, бір жағынан, Өлеңті ауылында акушер-дәрігер болып істейтін жеңгесі (Аманкелді ағасының жан жары) Сәуле Қуандықованың себепкер болғаны кәміл. Ақ халаты өзіне құйып қойғандай жарасатын жеңгесіндей дәрігер болсам деген арман жүрегіне ерте ұя салыпты.

Арманы алға жетелеген Қапиет сөйтіп, 1971 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, оны  санитарлық дәрігер-эпидемиолог мамандығы бойынша аяқтады. Алғашқы еңбек жолы өзінің туған жері Тайпақ өңірінде басталған. Арада он жылға жуық уақыт өткенде, Қапекеңді қызмет бабымен Жымпитыға ауыстырады. Ол мұнда бас мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бөлім меңгерушісі, Сырым ауданы бойынша мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы қызметтерін мінсіз атқарды. Сөйтіп, Тайпақтың азаматы әрі қарай 30 жылын осы Сырым өңіріне алқаусыз арнайды. Абырой да осы жерде Қапекеңді өзі іздеп тапты. Осы жылдарда ғой, Қапиет Ғинаятұлының басшылығымен Сырымның аудандық СЭС-і сапалы қызметтері үшін алғаш рет облыста алдыңғы орынды иеленді. Бас дәрігер қоғамдық жұмыстарды да жандырып жүрді. Еңбегіне бір тиын төленбейтін кәсіподақ ұйымының төрағасы, халықтық бақылау комитетінің белді мүшесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің төрағасы, округтік сайлау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты болуы осыған дәлел. Осынау ұшан-теңіз жұмыстардың арасында біздің кейіпкеріміз көркем әдебиет оқуға, облыстық, аудандық газеттердің бірде-бір санын жібермей оқып отыруға қалай уақыт табатындығына таңғалмасқа болмайды. Тағы бір қызық мінезі – газет, кітап оқымайтындарға ренжіп, кейде олардың намысын қайрап отыратыны. Ал сол газеттерге жазылуға келгенде алдына жан салмайды. Елден бірінші болып жазылып жатқаны. Сондықтан болар, «Орал өңірі», «Сырым елі», өзінің туған жерінің үнқағазы «Жайық таңы» – Қапекеңнің ұзақ жылдан бергі рухани азығы, айнымас серіктері. Ал енді спорт десеңіз, біздің кейіпкеріміз ішіп отырған асын тастап, жүгіруі бек мүмкін. Кезінде күрестен бозкілемнің шаңын қағыпты, волейбол мен футбол десеңіз, оны да бір адамдай жақсы ойнайды. Сосын, нағыз жанкүйер, жергілікті «Ақжайық» футбол командасының ойынын көру үшін, стадионда қонуға бар. Домбыра мен гитарада, мандолина, сырнай  ойнағанын көру керек, тыңдау керек, өкінбейсіз. Сосын Қапекеңнің ақ қағаз, қаламмен оңаша қалып мақала жазатын да икемі бар. Талай мақаласы жарияланып келеді. Қапекең бүгінде зейнетте, бірақ қарап отырған жоқ. Орал қаласында тұрады. Зейнетке шыққанға дейін қалалық СЭС-те бөлім басшысы, бас дәрігердің орынбасары міндетін атқарушы қызметінде болды. Тіпті, шыққаннан кейін де бір жылдай облыстық дезинфекциялық орталығында дәрігер-эпидемиолог қызметін атқарды. Қазір демалыстамын деп, шалқайып үйде жатқан Қапекең жоқ. Орал қалалық мәдениет-ағарту бірлестігіндегі халықтық «Ағалар әуені» вокалды тобының белді мүшесі.

Марапаттары да шүкір, баршылық. Жоғары санаттағы дәрігер-гигиенист Қапиет Ғинаятұлы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері тарапынан Құрмет грамотасына ие болса, халық денсаулығын сақтау ісіне сіңірген еңбегі үшін «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісін өңіріне тақты. Есімі ҚР Денсаулық сақтау саласы үздіктеріне арналған «Өмір сыйлаған жандар» кітабына енгізілді. Ол – «Өнерге қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің, бірнеше медальдің иегері. Сырым ауданының құрметті азаматы.

Қапақаң – бүгінде  қалада тұрса да, ауылды, онда көре қалған, қатар жүрген азаматтарды кездестіре  қалса, сонау жерден құшағын жая  амандасатын әдетінен жаңылмаған ақ жүрек азамат. Тіпті, жақында «Елге сәлемім болсын, өзімді еңбек жолында шыңдаған Сырым елін әркез құрметтеймін» деп табысы аз бес отбасын аудандық «Сырым елі» газетіне екінші жартыжылдыққа өз қаражаты есебінен жаздырыпты. Қапақаң мұндай демеушілігін туған өңірі Қурайлысайға да көрсетіп келеді.

Иә, халық саулығының қырағы сақшысы қызметін мінсіз атқарған, мәдениет, өнер, спорт жанашыры, өнегелі азамат Қапиет Ғинаятұлы үшінші шілдеде 70 жастың төріне шықпақ. Зайыбы, балалар дәрігері болған, зейнеткер Майра Уахитқызымен Нұрхат және Шафхат атты ұлдар тәрбиелеп, немерелер күл-кісіне бөленіп отырған Қапақаң – бақытты  жан.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

Суретте: Қ. Ғинаятұлы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале