17.11.2022, 10:30
Оқылды: 70

Мың бірінші мүмкіндік бола ма?..

Әдеттегідей жұмыстан келсем, телефоныма хабарлама келіпті. Құрбымнан екен. «Орал өңірінің» тұтас бір бетін суретке түсіріп салып жіберіпті. «Жайықтың дара қызы» атанған Дариға апамыздың «Шала оқудан не жарыдық...»  (№127) деген көлемді  мақаласы екен. Әр жолын оқыған сайын әбден еріксіз көндігіп кеткен жарама тұз сепкендей болды.

IMG-20221117-WA0016

Фото дереккөзі: Stan.kz

Еліміз осыдан бірнеше жыл бұрын бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастырамыз, білім сапасын көтереміз деген ақ желкен үмітпен Кембридж университеті ұсынған оқыту үлгісіндегі Ы. Алтынсарин атындағы білім академиясы мен Назарбаев зияткерлік мектебі жасаған бағдарламаға көшкені баршамызға аян. Бұл бағдарламаны енгізу үшін мұғалімдерді даярлаған үш айлық курстан мен де өткенмін. Ал ұрпақ үшін миллиардтап жұмсалған қар­жының осы бағдарламаның білім сапасына пайдасы  болып жатыр ма?

Бұл сұрақтың жауабын Д. Ғазезқызы ұққан адамға бір ғана сыныптың бір пәнін талдап отырып-ақ жеткізген. Күнделікті оқу үрдісіне араласып жүрген мұғалім ретінде осы бағдарлама ұрпақты сауатсыз, енжар толқынға айналдырып бара жатқаны менің де жанымды ауыртады. Оқыту жүйесіндегі академия мен Назарбаев зияткерлік мектебі жасаған бағдарламаны тұтас анализ жасауға қарапайым мұғалім ретінде деңгейім жете қоймас, әрине, дегенмен практик мұғалім ретінде мен де қазақ тілі пәніндегі олқылықтар туралы өз ойымды айтқым  келеді.

Жаһанданудан қалмау үшін жанталасқанымыз соншалық – осы аталмыш пәнге индустрия да, әлем тарихы да, спорт та, астрономия мен технология да (айтылмай қалған әлі талай сала бар) тақырып ретінде де, тапсырма ретінде  де  енгізілген.

Осы орайда жапондықтар туралы жақында бір оқығаным есіме түсіп отырғаны. Бұл елдің жері тар, табиғаты да сонша қолайлы ел емес екені әмбеге аян ғой. Осыған байланысты күрішті оларға экспорттан алғаны тиімдірек, алайда шығынға бата отырып, күрішті өздері егуге шешім қабылдаған. Соншама ит сарсаң мен шығынға неге батып отыр? Бір қарағанда, ақымақтың тірлігі тәрізді, сөйтсек жапондардың қайғысы басқа екен. Мәселе тілге, ал тіл дегеніңіз ділге, ұлттық болмысқа әсер етіп, күріш екпесе, тұтас ұлт жоғалады екен, өйткені бұл халықтың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты боп шыққан. Егер ұрпағының санасынан бұл сөздер, ұғымдар жоғалса, жапон да жоғалмақ.  Әлемдік техникалық термин ұлттық болмыстарын, дара ерекшелігін жойып тынбақ. Жан беріп, жан алған мына жанталас – соның алдын алу. Жапондардың 70-80 пайыз сөзі күрішпен байланысты болса, біздің 70-80 пайыз сөзіміз көшпенді өмірмен, төрт түлік малмен байланысты ғой, мұндай мәселе бізде жоқ па?  Мұның бәрі оқушыға қазақ тілін өзіндік ерекшелігі бар ғылым ретінде тануына, меңгеруіне мүмкіндік бермейді! Оқушының танымын кеңейтіп, жан-жақты қыламыз деп, өкінішке орай, ана тіліміздің мол байлығына да, қазақ тіл білімінің саласын қамтитын теориялық біліміне де жеткілікті уақыт бөле алмай келеміз. Бәлкім, кейбір әріптестер бұл жеке басымның шеберлігінің төмендігі деп мені айыптар да, олай болса, осы бағдарламамен оқып келе жатқан толқынның басым бөлігі неге сауатсыз, сөздік қорлары төмен? Сөйлем аяқталғанда қойылатын қарапайым тыныс белгісін неге қоя алмайды, неге екі сөз жазса, үш қате жібереді, неге сөйлемді дұрыс құрмаластыра алмайды? Көркем әдебиеттерді оқымағаннан ба? Жоқ! Біздің тұсымызда да көркем әдебиетті оқымайтын замандастарымыз көп болды, алайда сауатсыздары аз еді ғой?

Менің ойымша, жүйе жоқ. Бұрын 5-сыныпта «Фонетика», «Лексика», 6-7-сыныптарда  «Морфология», 8-сыныпта «Синтаксис», 9-сыныпқа келгенде «Пунктуация», одан әрі жоғарылағанда «Стиль», «Шешендік сөздер» боп кете беруші еді. Жүйе бар ма? Әрине!

Дариға апамыз 9-сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығындағы тақырыптарды талдаса, мен 6-сынып оқулығында берілген тақырыптарға шамам жеткен жеріне дейін тоқталып көрейін.

І бөлім – лексикография. Қамтылатын теориялық тақырыптар: «Сөздердің жазылуы», «Бірге, бөлек жазылатын сөздер», «Дефис», «Сызықша»; ІІ бөлім – фонетика. «Екпін және оның түрлері»;

ІІІ бөлім – қайтадан лексикография. Тапсырмаларында І бөлім бойынша берілген теориялық тақырыптар қамтылған;

ІV,V бөлім – лексика саласынан «Неологизм», «Термин сөздер», «Кәсіби сөздер», «Диалект сөздер», «Көнерген сөздер, «Эвфемизм және дисфемизм», «Табу» тақырыптары, бұл бөлімнің кейбір тақырыбы 5-сыныпта өтілген-ді;

VI – IX бөлімдер морфологияға тиесілі. 9 сөз табының есімдік, етістік, үстеу деген үш түрін осы бөлімнен табасыз. Айтпақшы, 3 «бауыры» 5-сынып оқулығына «енші» алып кеткен, қалған үшеуін 7-сыныпта түгелдейсіз. Сонда қандай сападан үміт етесіз?

Х бөлім – пунктуация. «Нүкте», «Сұрақ белгісі», «Леп белгісі», «Көп нүкте».

Иә, лексикографияның өзі лексикологиялық зерттеулер негізінде жасалып, ол стилистикаға, фонетикаға, грамматикаға, тіл тарихына сүйенеді, алайда 11 жастағы балаға осыншалықты күрделендірудің не керегі болды? Бір ғана оқулықта фонетика да, морфология да, пунктуация да жүр және олардың өз ішінде зерттейтін барлық тақырыптары түгел қамтылса, бір сәрі... Жұлым-жұлым, шашыранды түрде берілген. Жүйесіз дүниеден қайдан сауаттылық болады?

«Қайнайды  қаның,

Ашиды  жаның,

Бұл жүйені көргенде», -  деп, ішкі айқайымды естірту үшін Абай атамыздың «Сегіз аяғын» «қарызға» алғым кеп кетеді... Жаңартылған оқу бағдарламасы «шиыршық» («спираль») әдісіне негізделгенін мен де құрандай жаттап алдым, алайда тіл білімінің теориясы, тұтас ұлттың сауатты болашағы «шиыршыққа» салуға көне ме?

Қазақ тілі ғылымын қалыптастырушы Ахмет атамыз да «Тіл – құралында» қарапайымнан күрделіге жүйелі түрде оқытылу қажет екенін анық айтып кетпеп пе еді? Олай болса, бұрынғы фонетикадан бастап, тіл білімінің өзге салаларына сатылай көшуіміз А. Байтұрсынұлы айтып кеткен ұстанымға  несі  қайшы  болды?

Белгілі ғалым А. Қыдыршаев та ағартушы атамыздың еңбектеріне өзінің ғылыми-сараптамалық талдауын жасап, «А. Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі ілімінің іргетасын қалаушы» екендігін, тұлға мұрасының өміршеңдігін жазбап па еді?

Ендеше, «қазақ ұлттық ғылымының көшбасшысы» (Р. Сыздықова) қалап кеткен іргетасқа жарықшақ түсіріп алмайық, іргетасы осал ғимаратты қанша биік қып көтерсек те, сыртынан сылап-сипап әрлесек те, опырылып бір күні құлайтыны дәлелдеуді қажет етпейді. Білім сапасын көтереді деген сеніммен жасалған кембридждік негіздегі реформаны көп әріптесім қолдамайтыны да шындық. Тілі түсініксіз, ұғымы күрделі, баланы шатастырып, мұғалімді шаршатқан (мұғалімді қалай шаршататыны бөлек «жыр») бұл бағдарламадан балаларымыз жылдан-жылға сауатсыз болып барады. Сонда ұтарымыз не? Өзгенің сырты жылтыр болса да, тілдік ерекшелігімізді көндіре алмайтын жүйесін аламыз деп, болашағымызға балта шауып, тұтас ұлттың лағынетіне қалмайық... «Мың өліп, мың тірілген» ұлтымызға мың бірінші мүмкіндік бола ма, жоқ па? Қайдам...

Меңдігүл Мұхамбетова,

Жаңақала ауданы 

Пятимар жалпы орта мектебінің  қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале