Осыдан 35 жыл бұрын, желтоқсанның 17-19 күндері Алматыда болған оқиға туралы қазір көзқарас өзгеше. Сол күндері «мен – қазақпын» деген жастар алаңға шықты. Өздерінің талап-тілегін жоғарыға жеткіземіз деп шыққан албырт жастар арты қанды қақтығысқа айналарын білген жоқ. Бүгінде біз «желтоқсаншылар» естелігін суыртпақтап жинаймыз. Егемендікке соқпақ тартқан әр адамның сол күндер туралы айтқаны біз үшін тарихи құндылықтай.
Теректіліктерге таныс, Новопавловка ауылдық клубының меңгерушісі Ләйлә Қаражігітованың сол оқиғаның ортасында болғанын көп адам білмейді екен. Сондықтан қызмет бабында кездескенімізде өз аузынан естіген естелігімен бөлісейін деп отырмын.
-Мен сол 1986 жылы Алматыда студентпін. Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтының соңғы, 5-курсында оқып жүрмін. Диплом алып, мамандық иесі атанар кезге күн санап жүрміз. Жатақханада жатамын. Үш-төрт айдан соң әр тарапқа кететінімізді білгендіктен, құрбы-достарыммен тобымыз жазылмай, бірге жүреміз. 16 желтоқсан күні біз алаңда толқу болып, жастар жиналғанын оқу корпусында отырып естідік. Бізді ғимараттан шығармайды. Оқытушылар жағы, сырттан келген лауазымды адамдар «Алаңға бармаңдар. Ол жер қауіпті. Жиналғандар ылғи нашақорлар мен алкоголиктер» деп үгіттеді. Не де болса, бізді алаңға жібермеу амалдары жасалды.
Келесі күні жатақханадан оқу корпусына қарай Абай даңғылымен, жаяу жүргінші жолымен келе жаттық. Шерулеуге жиналған топ адамдар. Ішінде өзге ұлт өкілдерін көзім шалды. «Бірден оқудан шығарыласыңдар» деген ескерту алған соң, алаңға баруға жүрексінеміз. Намыс қысып барады. Содан қасымдағы құрбыларыммен, менен басқа тағы екі қыз бен бір ұл бар, алаңға қарай бардық. Ол жерде нашақор-ішкіштер емес, өзіміз сияқты жастарды көрдік. Қарусыз, құрқол жастарға қарсы 30 шақты автокөлікке тиеген солдаттарды әкелді. Қолдарында сойыл. Алаңға бет алғандарды жұлқып, бұрап машинаға тиеп жатыр. Солдаттардан қашып, аула-ауланы тасалаймыз. Қуып жеткендерін ұрып жығып, алып кетеді. Ұл ма, қыз ба, қарап жатқан жоқ. Солай толқындатып, қашып-қуып студенттер жатақханасына жеттік. Осы жерде мен жертөле терезесінің алдындағы шұңқырға оңбай құладым. Мені көріп қалған жігіттер құтқарып алды. Бет-аузым жырылған, қанап жатыр. Жігіттер тоқтатпастан «1-қабатта тоқтама, бұл жерге солдаттар кіріп, ұрып алып кетеді» деп бірден 2-қабатқа шығарды. Мен кірген бөлмеде кереуетте қызыл қан болған бір бала жатты. Бірге шыққан алматылық Гүлсара Сәукенова деген құрбым да солдаттардың сойылының «дәмін татқан». Жаңақорғандық Дүйсенкүл Үсенова (суретте) деген құрбым солдаттар қуған кезде құлаған. Арқасында керзі етіктің ізі қалған. «Тоқтыдай қылып сүйреп бара жатқан кезде бір қазақ әскери адам солдаттарға «жібер, босат» деп әмір етті. Содан соң мені қоя берді» деп келді. Қасындағы Лиза екеуі әр жерге, терек-бұтаны тасалап, жатақханаға жеткен ғой.
Сол кезде мені таң қалдырғаны, фотоға түсіріп жүргендер көшеде көп болды. Оның өзіндік сыры бар екен, соңынан білдік. Әлгі фотолардан бет-әлпеті көрінген адамдарды жаппай қудалап, сабақтан шығарып тастады. Мен танитын адамдардан петропавлдық студент ерлі-зайыптылар сол қуғынға ұшырады. Біздің институттан оқудан шығарылғандар болды. «Кім барды алаңға», «барайық» деп шақырған адамды танисың ба» деген сұрақтар қойылған жауаптаулардан да өттік.
22 желтоқсан күні жас мамандарды қызмет орына бөлу болатын болды. Жырылған-жарылған жарақаттарды көрсе, ешкім басымыздан сипамасы анық. Сондықтан бір-бірімізге болысып, бояуды қалың жағып бардық деканатқа. Сол күндердегі қанымызда қайнаған намыс бізді біріктірді. Бірігіп, бас көтерсек, егемендікке жетерімізді сездік,- деп қайырды ол әңгімесін.
Ләйлә Қаражігітқызы қазір сол күндері алаңға шыққан қайсар жастардың басы біріккен «Желтоқсан Алматы» қоғамдық ұйымының мүшесі екен. Мүшелік жарна төлеп, өз есебінен шаралар ұйымдастырып жүрген «желтоқсаншылардың» мақсаты – бүгінгі ұрпаққа шындықты жеткізу. Батыс Қазақстан аумағында да бас біріктіру жүріп жатырған көрінеді. Соның бір дәлеліндей, желтоқсан оқиғасы қарсаңында Ләйлә Қаражігітқызын облыстық «Рухани жаңғыру» мұражайына кездесуге шақырыпты. Он шақты «желтоқсаншы» басы қосылып, сол күндер жайлы естеліктер айттық деп отыр. Ендеше, тәуелсіздік қарлығаштарының ісі ұмытылмағаны ғой.
Ұмытпауымыз керек.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz