Өңірдегі егістік салатын ірі ауданның бірі болғандықтан, Теректіде қазір нағыз қарбалас шақ. Қыстай құрал-сайман, дән-дақылын сайлап шыққан диқандар жаппай далалық жұмыстарға шықты.
Биыл аудан бойынша 133,3 мың гектар жерге егістік салу жоспарланған. Соның ішінде дәнді дақылдар 51 мың гектар жерге салынады. 35 мың гектарға майлы дақылдар, 46,5 мың гектарға мал азығына дақылдар салу көзделген. Бұлардан басқа, 875 гектар жерге картофель мен көкөніс-бақша салынады.
Осы көлемдегі жерге салу үшін 5,7 мың тонна дәнді дақыл қажет екен. 623 тонна майлы, 95 тонна мал азығына қажет дақылдар, 9 тонна картоп тұқымы керек-ті. Тұқымдық қажетті мөлшерде дайын.
Осыған дейін тиісті агротехникалық шараларды атқарған шаруашылықтар ең жауапты науқан – дән себуге кірісіп кетті. Бұл істі дер кезінде, сапалы атқару үшін үкімет тарапынан қолдау да бар. Далалық жұмыстарды жүргізуге жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай беру қаралған болатын. Қазір дихандар техникасын жүргізуге литрі 188 теңге тұратын дизель отын қолданып жатыр. Біздің ауданға осы бағамен 2,550 мың тонна дизель бөлінген екен. Бұл көлем далалық жұмыстарды жүргізуге толық жеткілікті көрінеді.
Қазір далалықта «қыстың қамын жазда ойлаған» дихандар тер төгіп жүр. Төрт жүзге тарта адам, екі жүзге тарта техника жұмылған науқан қарқынды. Өткен апта көрсеткішінде 8 мың гектардай алқапқа дәнді дақыл түскен екен. 9 мың гектар шамасында майлы дақыл тұқымы себілген.
Аудан әкімі Тілек Ғабдушев егістік басына арнайы шығып, далалық жұмыстар барысын бағамдады.
«Тұлпар LTD» - «құпиялы» егістік
Озық агротехнологиялар қолданып, техникасын да жаңартып отыратын бұл шаруашылықтың Теректіде алар орыны ерекше.
Шаған ауылдық округі аумағында 2003 жылдан бері, яғни бақандай 20 жылға тарта жер өңдеп келе жатқан Валерий Голоухов 11 532 гектар жерінің әр гектарын жатқа біледі десек, артық айтқандық болмас. Былтыр 5303 гектарына күздік салып тастаған екен. Енді 450 гектарға жаздық бидай, 100 гектарға арпа, 1382 гектарына күнбағыс салуды жоспарлап қойған. Былтырғы жиын-терінде дәнді дақылдылардың гектарынан орта есеппен 27,9 центнерден алған Валерий Ивановичтің жер баптауда өзіндік «құпиясы» да бар. Және де ол құпиясымен бөлісуге дайын. Келген адамға Валерий Иванович «құрғақ суару» тәсілі туралы ғылыми дәріс те оқып береді.
Ғылыми терминдер қолданбай-ақ, тәсіл туралы қысқаша айтсақ, бұл ылғал тоқтату. Ыстық пен қуаңшылықта жердің беткі қабаты жарылып, ұсақ жарықтар арқылы жер астында жиналған ылғал кеуіп кетеді. «Құрақ суару» арқылы өңделген алқапта майдаланған топырақ сол ұсақ жарықтарды бітеп тастайды. Сөйтіп, ылғалдың ысырап болуын тоқтатады. Өнімділік өседі.
Егістік басындағы кешенді өңдеу құрылғысы дән себумен қатар агротехникалық шараларды да атқарады. Шаруашылықта жиналған техниканың бір басы Австралиядан алынған тіркемелі техника болса, алты бірдей «Джон Дир» тракторлары мен 3 сондай комбайны өз алдына бір төбе. 2 егістік, 2 күнбағыс жинайтын кешендер тағы бар.
Шаруашылықта 18 адам еңбек етеді екен.
Егіншілер қосы да жинақы, барлық жағдай жасалған. Тек жұмыс пен шаруашылық қажеті ғана емес, ең бастысы, адам факторына назар аударылғаны көрініп тұр. «Біздің жігіттер дән салудың әр күні ертеңгі күні өз нәпақасы екенін біледі, сондықтан жұмысқа жауапты қарайды» - дейді Валерий Иванович.
«Орда» басы – қызу тірлік
Жері қолайлы Шаған ауылдық округінде 1998 жылдан бері егін салып келе жатқан іргелі шаруашылықтың жер көлемі 6965 гектар екен. Техникалық жарақталуы да осал емес – Сase, John Deere, МТЗ, ХТА -200 маркалы тракторлар, Flexi-coil егістік кешені, John Deere комбайндары егістік шараларының сапалы болуын қамтамасыз етеді.
Қожалық жетекшісі Асқар Баймұқанов биыл 2700 гектарды егістікке пайдалануды жоспаралған. Былтыр күзде 900 гектарына күздік бидай салып та тастаған. Енді 450 га жаздық бидай, тап сол көлемде мақсары, 900 гектарға күнбағыс салынады.
- Көктемгі далалық жұмыстарына қыстай дайындалдық. Сапалы тұқым салып, мол өнім алуды көздеп отырмыз, әрине. Былтыр, мысалы, дәнді дақылдың орташа өнімділігі гектарына 4,6 центнерден болды. Биыл ылғал мол болды, сондықтан, күздік бидайдан өнім жақсы түседі деп ойлаймын. Қазір 100 гектар жерге жаздық бидай салып үлгердік. Далалық жұмыстарға қолда бар техниканы жұмылдырдық. Ауа райының қолайлы болып тұрғанын пайдаланып, егін салуды межелі уақытта аяқтаймыз, - деді аудан әкіміне егістік басында кездескен Асқар Лұқпанұлы.
Қызу тірлік үстіндегі «Орданың» ол межеден шығары да анық.
Жұмысы қайнаған «Жайна»
«Жайна» ЖШС - Шаған ауылдық округі аумағындағы тағы бір ширақ шаруашылық.
5-6 жыл ішінде қарқын алып үлгергені көрініп тұр. Айналдыра қоршап, шекарасын анықтап тастаған, қожайынның ұқыпты қолы байқалған алқапта картоп салатын жерге кең қанатты суару құрылғысын құрып тастаған.
«Жайнаның» тізілген техника паркінде немістің «Grimme» фирмасынан жинақталған көкөніс салып, жер өңдейтін құрылғылар мен тіркемелер, су жаңа «Джон Дир» тракторлары, соқа-түреннің түр-түрі бар. Картоп жинап, екі жағынан іріктеп шығаратын комбайн, тіпті, аудан бойынша жалғыз көрінеді.
Соңғы екі-үш жылда картоп салуды мықтап қолға алған «Жайнада» биыл да оны 120 гектар жерге салады екен. 400 га жерге арпа саламыз деп жоспарлапты. Күні бүгін соның 120 гектарын сеуіп те тастаған.
-Қазір далалық жұмыстар қызу жүріп жатыр. Картоп тұқымын әзірлеп, жерін де дайындап отырмыз. Арпа салатын алқапты тез игеріп алсақ деген оймен механизаторлар таңнан кешке дейін тынымсыз жұмыс үстінде, - дейді ЖШС басшысы Нұрлан Нұрбаев.
Қос салалы «Бақыт»
Аңқаты ауылдық округіндегі белді қожалықтың басшысы да ауданға танымал азамат. Халық қалаулысы Аманғали Бөкенбаев сөзі мен ісі бір жерден шығатын адам.
25 жыл бойы өз алдына қожалық ұстап келе жатырған Аманғали Бақытұлы егін салуға жыл сайын мұқият дайындалады.
Жалпы көлемі 8784 гектарда орналасқан «Бақыттың» 3026 гектары мал жайылымына бөлінген. Егістікке қаралған 5758 гектардың 2410 га биыл дән себуді жоспарлаған. 390 га жерге күздік қара бидай былтыр себілген. 2958 гектарда өткен жылдан қалған көпжылдық шөп көз қуантады. Жерге түсетін тұқымдық та былтыр өздері қамбаға салған дән. Қосымша мақсары себу де бар жоспарда.
Аудан әкіміне қожалық жағдайы мен шаруашылық бағытын таныстырған Бөкенбай Бақытұлы:
- Науқандық жұмыстарды кедергі-тоқталыссыз атқарамыз деп отырмыз. Қазірдің өзінде 120 гектар жерге арпа салып тастадық. Далалық жұмыс қуатты үш К-700, төрт МТЗ-1220, Беларусь тракторларымен атқарылады. Жөндеп, майлап-сайлап алдық. Механизаторлар тәжірибелі, жыл сайын егін салып жүрген жігіттер, - деді.
Егістікпен қатар мал да өсіретін шаруашылықта қазір үш жүзден аса ірі қара, 100 жылқы, екі жүздей қой бар. Оларға қажетті қысқы азық жинау да алдағы күн қамында.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz