16 қазан –Дүниежүзілік нан күні
Нан – дәмбасы, халықтың қадірлі, сүйікті асы. Қай халықта да нанға құрмет ерекше. Қазақ халқы «Тым болмағанда нан ауыз ти», «Наннан үлкен емессің» деп бекер айтпаған. Нанды басып, Құранды алуға болмайды, бірақ Құранды басып, нанды алуға болады деген ұғым – оның қасиеттілігін айғақтайды.

«Нан болса, ән де болады» дейді дана жұрт. Нан – берекенің, тоқшылықтың белгісі. Ал наубайхана – сол берекенің ұясындай. Пештің әрбір жалынында маңдай тер, әр бөлкесінде мейірім бар. Нан күні – тек мереке емес, еңбекке тағзым күні.
Аудан орталығындағы «Аққу» наубайханасында тіршілік күн шықпай жатып-ақ басталып кетеді. Таңғы салқынмен бірге бұл жердің пеші де қызып, дәмі мен иісі бүкіл ауылға жайылады.
Сәске түсе бере көшенің бойын қуалап, жаңа піскен нан иісі тарайды. Сол иіс – ауыл өмірінің тынысы, күннің тоқтықпен басталғанының нышаны іспетті.
Наубайхана иесі, кәсіпкер Гүлфия Негметова бұл істі осыдан он жыл бұрын бастаған. Алғашында бар-жоғы 40-50 нанмен саудасын бастаған кәсіп иесі бүгінде күніне 100-200 аралығында нан пісіріп, халыққа ұсынуда.
— Бір кезде 600-ге дейін нан пісіретін едік. Қазір ауданда наубайханалар саны артқан соң, өнім көлемін азайттық. Дегенмен сападан ешқашан айырылған жоқпыз, — дейді Гүлфия апай.
«Аққу» наубайханасында бүгінде екі адам еңбек етеді.
Нан мен бөлкеден бөлек, олар күніне 2 келі тұшпара, аптасына 100 дана жайма жасап сатады.
Ұнды «Желаев» ұн цехынан алады.
— Арзан ұн ұсынғандар болды, бірақ сапасы көңілге қонбады. Сондықтан тек сенімді, сапалы ұнды пайдаланамыз, — дейді кәсіпкер.
Ай сайын 40-50 қап ұн жұмсалады екен.
— Қазір біз ашытқысыз (бездрожжевой) нан пісіреміз. Таза ұн мен судан табиғи ашытқы жасаймыз. Бір апта бойы ұстап, күн сайын бір қасық су мен ұн қосып, табиғи жолмен ашытамыз. Қамыры жақсы көтеріледі, иісі ерекше. Сол ашытқыдан күніне 20-30 қара нан пісіріледі. Мұндай нан тез өтіп кетеді. Өйткені ол пайдалы әрі табиғи, — дейді Гүлфия апай.

Біз барған сәтте жаңа піскен нан дүкенге жөнелтіліп, пештің алдында келесі партия бөлкелер кезек күтіп түұр екен.
Техникадан мұнда 27 нан сыятын үш пеш бар. Қамыр илейтін арнайы аппарат та орнатылған. 25 келі ұннан 52 нан шығады. Ертеңгі күнге арнап қамырдың опарасы алдын ала салынады.
Наубайханада бес жылдан бері тұрақты еңбек етіп келе жатқан Гүлжихан Сәбитова – өз ісінің шебері. Мамандығы заңгер болса да, тағдыр оны нанның жолына түсіргендей.
– Анам бала күнімде ауылда нан пісіріп сататын. Сол көрініс менің есімде қалыпты. Нан пісіруге деген сүйіспеншілігім, сірә, анамнан дарыған, — дейді ол күлімсіреп.
Қолдары ұнға малынып жүрсе де, жүздерінен шаршау байқалмайды.
– Маған ең ұнайтыны – қамырды қалыптарға салатын сәт. Қамырды аппаратпен араластырамыз, бес минут сайын иін қандырамыз. Жарты сағаттан соң қалыптарға саламыз. Бір қалыпқа 700 грамм қамыр кетеді, піскен соң салмағы шамамен 600 грамм болады, — дейді наубайшы.

Гүлжиханның жұмысын бағалайтын Гүлфия апай оны “шебер әрі пысық, істің көзін білетін жан” деп мақтайды.
Наубайханадағы әр бөлке нан – адал еңбектің жемісі. Мұнда жылулық та, жауапкершілік те, халыққа деген құрмет те бар. Күн сайын пештен шыққан алтын түстес нан ауыл дүкендеріне жеткізіліп, «Аққу» супермаркетінің сөрелерінен орын табады.
Нан иісі – ауылдың иісі. Ол үйге кіргенде ананың мейіріміндей жылы сезім сыйлайды. Сондықтан Нан күні – тек бір күндік мереке емес, еңбек пен адалдыққа тағзым ететін күн.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
(Суретте Гүлжихан Сәбитова)