Биылғы жыл түлектер үшін қобалжумен сынаққа толы жыл болғаны белгілі. Әйтсе де, көптен күткен әр түлектің білім көрсеткішін саралар уақыт та келіп жетті.
Тасқала аудандық білім бөлімі мәліметінен білгеніміз, 2019-2020 оқу жылында 11 - сыныпты 142 оқушы тәмамдаған. Соның ішінде 140 түлек ҰБТ-ға қатысты. 11 оқушы «Алтын белгі» иеленсе, Үздік аттестат» иегері – бесеу. ҰБТ жинаған жалпы орта ұпай (балл) – 64,8-ді құрап отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген «Сәулет» мектеп лицейінің оқушылары Наргиза Тілепова 132 және Рахат Ахметов 128 ұпаймен ұстаздар мен ата-үмітін ақтады. Аудан намысын асқақтатты.
Мектеп табалдырығын 2009 жылы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептен бастаған Наргиза 1-сыныптан 2-сыныпқа сол жылы ауысқан.
Наргиза болашақта С.Асфендияров атындағы ҚазНМУ-ға жалпы, медицина факультетіне оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ақ халатты абзал жан болып еліне қалтқысыз қызмет ету - арманы.
ҰБТ-дан ұздік көрсеткішке қол жеткізген тағы бір түлегіміз - Рахат Ахметов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің автоматтандыру және басқару мамандығына оқуды басты мұрат еткен. Оны әңгімеге тартқанымызда ҰБТ-ға кірген кезде де ешқандай қорқынышты сезінбегенін айтты. Білім сынағына үлкен әзірлікпен келген Рахат пен Наргиза «Сәулет» мектеп лицейі ұстаздарының сенімдерін ақтады. Ендеше лицейдің ғана емес, бүкіл мектеп намысын жоғары көтерген қос білімді жасқа шығар шыңдарың биік болсын дейміз!
Тұрсын Тек
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz