5.07.2024, 12:45
Оқылды: 105

Нартай Аралбайұлы: «Үйді елдің сенімін ақтайтындай етіп салып беріңіздер»

Сырым ауданына ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмыс сапарымен келіп, тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Халық қалаулысымен  аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық мәслихат төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев бірге жүрді.

7EBCF57E-44CE-45E3-AABA-B193992F8C4F

— Тасқын су кезінде өзім аяқтай келіп, жағдайды көріп кеттім. Енді суға кетіп, сүрілген тұрғындардың жаңа баспанасы қалай салынып жатқанын қадағалау үшін келдім. Тұрғын үйлердің құрылысын 15 тамызға аяқтауға асықпау керек. Ішкі әрлеуі бар, өткізетін жылуы бар,  ішкі сылақтары кеуіп үлгеруі керек. Ең бастысы тұрғын үйдің сапалы салынуы. Сапаны үнемі бақылауда ұстау керек, - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Өлеңті ауылында 39 үй салынатын болса, 26-сы арнайы белгіленген, инженерлік-коммуникация желісі тартылған жерден, қалған он үші бұрынғы орындарынан бой көтермек.

F7EECB71-A303-4F53-BBFB-18BC821897DB

Үй едендеріне цемент құю жұмыстары аяқталуда. «Елдің батасын алып, сенімді ақтайтындай етіп, үйлерді салып беріңіздер», - деді мердігерге халық қалаулысы.

Мал ұстайтын тұрғындарға қора-қопсы салу үшін 10 метр ара қашықтық сақталған. Әрбір үйге 10 сотық жер бөлініп тұр. Баспаналардың ішкі әрлеуі басталғанша, жеребе арқылы тұрғындар үйлерін анықтайды. Қара күзге дейін қосымша құрылыс салып үлгермейтін тұрғындар ескі үйлерінің қора-жайларын пайдалана береді.

Қарасу мөлтекауданындағы үйлердің құрылысы Өлеңтіге қарағанда ширақтау жүріп жатыр. Мұндағы үйлердің ішкі қабырғалары сылануда. Құрылысшылардың айтуынша, бір айға жетпейтін мерзімде құрылыс жұмысы аяқталады.

Нартай Аралбайұлы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың базынасына құлақ  асты.

Өлеңтілік Мәншүк Бахитова суға кеткен үйінің жөндеуіне берілген қаражатқа разы болмай, Мәжіліс депутатына наразылығын жеткізді. Айтуынша, үйі суға кеткен, екі рет комиссия мүшелері келіп қараған. Бірінші келген комиссияның жөндеуге 5 млн теңге шығарған шешіміне келіспеген. Екінші рет келіп қараған комиссия 7 млн 600 мың теңге тиесілі деп анықтаған. Оған үй иесі келісіп, қол қойған, ақша шотына аударылған. Алайда, Мәншүк Бахитова үйін жөндеуге бұл соманың аздық ететінін, үйіне жыл сайын су келетінін айтты.

– Суға кеткен үйлердің орнына жаңа үйлерді салып берудегі Үкіметтің мақсаты – халықтың мұқтаждығын, қажетін өтеу, қамқорлау. Алайда, мәселені шешу үшін біз заңнан аттап кете алмаймыз. Заңға сәйкес қана амалдарды қарастырамыз. Сіздің үйіңізді қайта қарауға мүмкіндік жоқ. Өйткені, вице-премьер Қанат Бозымбаев келген кезде айтқаны бойынша, жөндеуге берілген сомаға мүлде келіспеген тұрғындардың  ғана мәселесі қайта қаралады. Ақшаға келісіп, сіз секілді қол қойғандар мәселесін тек соттың тәртібімен шеше алады. Енді бұл мәселе сот арқылы ғана шешіледі. Жөндеуге тағы қосымша өтемақы соттың ғана шешімімен төленеді. Алайда, сіздің  жағдайыңызда сотқа беретін де негіз жоқ. Берілетін сомаға келісіп, қол қойдыңыз. Ақша шотыңызға түсті. Қолыңызда екі комиссияның шешімі бар екен. Шешім бойынша құрылыс біткен соң, соның шығындарын апарып беру мәселесі ғана қалады. Ол жерде сатып алынған құрылыс материалдарының бағасы, түбіртегі, қаншалықты сол бағаға алынды, бәрі тексерулі болады. Сізге мықты заңгердің көмегіне жүгініп, қалай сотқа арыздану мүмкіндігі, тетігі  бары туралы кеңес алу керек, - деді Нартай Аралбайұлы.

52C64B2B-AC38-451D-9DA4-2F9FAF7DC59D

Мәншүк Бахитованың көтерген екінші мәселесі – су тасқыны салдарынан үйлері күрделі жөндеуден өтетін тұрғындардың тізімі әлеуметтік желіге жарияланып, халыққа ашық көрсетілсін деген ұсынысы  болды. Мәжіліс депутаты: «Егер  суға кетпеген, мүлде залал келмеген азаматтар, шенді-шенеуніктер заңсыз көмек қаржы алған болса, бұл мәселені мен көтерем, заң жүзінде жауапқа тартылатын болады», - деді.

Гүлнар Тахамбетова да халық қалаулысына  мәселесін жеткізді. Ол да алғашында 2 млн теңгеге келісіп, қол қойған, бүгінде шотына түсіп тұрған  2 млн теңге қаражаттың жөндеу жұмыстарына жетпейтінін айтты. Бұл мәселеде тек сотқа жүгіну арқылы шешілмек.

93072D01-E9C5-4B21-8036-83CE8585BBD9

«Бұл мәселе менің бақылауымда болады, Астанаға барған соң, Үкіметке жеткіземін», - деді Нартай Сәрсенғалиев.

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен алған тұрғын үйі суға кетсе, несиесі шегеріле ме, үйді жөндеп, әрі несиесін төлей ме деген сауалын қойды.

Депутат бұл мәселені бұрын да көтергенін,  суға кеткен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының үйлеріне қатысты мәселе Үкіметте шешіліп қалуы мүмкін екенін айтты.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале