3.04.2024, 16:30
Оқылды: 84

Нартай Аралбайұлы: «Халықтың шығыны өтелуі тиіс»

Депутаттар тасқын болған жерге қызық көруге келмейді. Етік киіп, ел ішінде жүргендерінің ең бір салмақты себебі – оқиғаның шынайы бетін көру, қорытынды жасау. Ертең олар Мәжіліс мінберінде естігендерін емес, көзбен көргендерін айтады. Дегенмен Ақордамен көрші үйден келгендердің халыққа айтар әңгімелері, нақты дәйектері болуы тиіс қой. Аралбайұлымен арада болған аз-кем әңгіме былай өрбіді.

 434401134_975324694593074_6862894646521632635_n

7,2 миллиард теңгенің «жұмбағы» жайлы айтып қалдыңыз? Сонда тасқынға тосқын жасауға бөлінген қаражат мақсатсыз пайдаланылған ба?

- Көктемгі су тасқынының алдын алу, төтенше жағдайды болдырмау үшін ел бойынша 7,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Бұл дерек ашық ақпарат көздерінде айтылып жүр.

Қазынаның қазанынан бөлінген «сыбағаны» әр өңір қабылдап алған. Алайда өзендердің жағалары бекітілмеген, су ағатын арна таппай кілкіп, ақыры ауылдардың ішіне кіріп, үйлерді шайып, ауылдағы ағайынның берекетін алып отыр. Апат жыл сайын қайталанып отыр.

сырым су комиссия (2)

Халық «Билік қайда қарап отыр?!» деп шырылдайды. Бұқараның базынасы, елдің реніші – орынды. Бірақ ресми бюджетті қарасақ, қар шығарып, қарғын судың ауызын тосуға қырғын миллиард ақша бөлінгені көрініп тұр. Шешкіміз келіп жатқан «жұмбағымыз» осы!

Қазіргі таңда Үкіметбасына хат жолдадық, ҚР бас Прокуратурасы тергеп-тексеруді бастап жатыр. Бұл өте маңызды деп санаймын.

Егер жарқабақтарды биіктетіп, бөгеттер мен су қақпаларын салып, өзен арналарын кеңіткенде тасқын мұнша шығын әкелер ме еді? Енді міне, өтемақының өзі бюджеттің бір бүйіріне салмақ болғалы тұр. Халықтың шығыны өтелуі тиіс.

Өлеңті былтыр да арнасынан шығып, жағалаудағы үйлерді су басты. Биыл жағдай күрделі. Шығын саны да едәуір көп. Аудан бойынша төтенше жағдай жарияланды. Арнайы режимнің жариялануы жапа шеккен жұрт үшін пайдалы ма?

- Төтенше жағдайдың жариялануынан ешкім пайда тапқан емес, бірақ кейбір мәселелердің шұғыл шешілуіне жол ашады. Біріншіден, ТЖ режимі зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен өтемақының төленуіне кепіл. Жергілікті бюджет жеткіліксіз болса облыстық бюджет арқылы, тіпті болмаса үкіметтің резервінің есебінен қаржы қаралып, ауылдастың баспанасы, малы қайтарылуы тиіс. Екіншіден, тұруға жарамсыз баспаналардың орынына жаңа тұрғын үйлер салынатындығы туралы шешім қабылданса, конкурс жариялап, он-он бес құрылыс компаниясының арасынан бірін таңдап әбігерге түспей, бастысы уақыт жоғалтпай бір көзден қаржыландыру арқылы құрылысты жедел бастап кетуге болады. Ең бастысы – бұл жағдайдың қайталануына жол бермеуге тиістіміз.

Жеке тұрғын үйлерге қатысты мәселе түсінікті болды. Сырым ауданындағы тасқын кезінде үш әлеуметтік нысан және бірқатар кәсіпкерлік нысан суға кетті. Соның бірі – жас кәсіпкер Ақеділ Нұрмашевтің жуырда ашқан «Баян Luxe» кілем жуу орталығы. Құрылғы – жабдықтардың бәрі суда қалды. Үкімет кәсіпкерлердің де шығынын өтей ме?

- Ресми комиссия келген залалды тіркеді деп ойлаймын. Акт негізінде тексеріс болады. Егер, иесі кәсібі үшін қаржылық ұйымдардың қолдауын пайдаланған болса, яғни грант немесе несие алған болса, төтенше жағдайларға байланысты жеңілдік шараларын қабылдау керек деп есептеймін. Бәлкім, несие жүктемесін азайтып я төлеу мерзімін кейінге шегеріп, қолдау жасалу қажет.

- Рахмет!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале