Жаңақала аудандық кітапханада аталмыш ұжымның ұйымдастыруымен «Нарын қасіреті: үнсіз тарих, тылсым шындық» атты аудандық (облыстық) ғылыми-конференция өтті.

Алдымен тарих беттерінде тереңге көміліп, көп жылдар бойы айтылмай келген Нарын көшірілісі туралы бейнебаян көрсетіліп, модератор, тарихшы Қаһарман Зинуллин бұл оқиғаның мәні мен маңызына тоқталып кетті. Содан кейін кітапханашылар Ақерке Ғабдуллина мен Лунара Садырова Қайрат Жұмағалиевтің «Кіндік қаным тамған жер» өлеңін оқып, аудандық Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Темірлан Сыралиев Қаршыға Ахмедияровтың «Күткенде» күйін орындады. Шараға аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Данял Танзенов, «Нарын қасіреті» қоғамдық тарихи ағарту қорының төрағасы Хайролла Сабыров, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақтылы Боранбаева, Түркістан облысынан арнайы келген қонақтар: Амантай Ажғұлов, Хамза Ерғалиев, Әлібек Мұқанғалиев пен аудан орталығындағы тарих және қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінің мұғалімдері қатысты. Руслан Қонысбайұлы құрметті меймандарға «Қош келдіңіз» айтып, естелік сыйлық табыс етті.

Конференцияда туған жерінен күштеп көшірілгендердің естеліктерін жинақтап, полигонның экологиялық қасіретін зерттеп, ұлт тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға үлес қосып жүрген Хайролла Сабырұлы мен Бақтылы Сансызбайқызы ХХ ғасырдың тұсында облыс аумағында орын алған қаралы оқиғаны ерекше тебіреніспен жеткізіп, бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет ететіндігін айтып өтті.

Және осы шараны ұйымдастыруға атсалысқан кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді. Сондай-ақ іс-шара барысында қозғалған тақырып төңірегінде жасақталған кітап көрмесіне аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Райгүл Бисенбиева библиографиялық шолу жасап, біраз мағлұмат берді.

Нарын даласының шерлі шежіресіне қанық қылған тағылымды кездесу соңында қатысушылар келген қонақтардан көкейдегі сауалдарына жауап алды.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы