10.08.2021, 9:26
Оқылды: 45

Нарыннан көшкен көш

Нарын құмы мал өсіру үшін өте қолайлы жер болатын. Қыс мезгілінде қар көп түсе қоймайтын, жаз ерте түсетін. Соған орай, шөп ерте көктеп, құм бойында қияқ, құлынқұйрық, алабота, қырықбуын, ебелек, сүйрік т.б. шөп атауы қаптап бой көтеретін. Оған қоса,  құмаршық, желкек, сағызсабақ қаптап шығатын. Қыркүйек айында пісетін құмаршық – өте құнарлы тамақ ретінде пайдаланылатын. Сонау 20-30-жылдардағы аштық кезінде халықтың көпшілігі осы майлы өсімдікті жеп аман қалған. Сол кезде халық жаппай құмаршық шауып, сосын қағып-соғып, дәнін алатын. Одан өте тығыз, дәмді, құнарлы нан пісіретін. Ал желкекті құмнан суырып алып жей беруге болатын. Құмаршықтың көжесі де дәмді тамақ әрі шөлді қандыратын. Құмның ойлы жерінен 1-1,5 метр қазсаң, тап-таза су шығатын. Қазылған құдықтан қауғаменен су алатын. Балалық қой, сол құдыққа түсіп, шомылып, кейін малдар жеріп, су ішпей, әкеміз біліп қойып, қатты ұрыс естігенбіз...

a8d0ef5be4cf3931cfa015ddb11dde9d

 

1949-50 жылдардан бастап Нарын құмын аралап, әскери адамдар келе бастады. Түйеге жүктерін артып, әскери геодезистер жерді картаға түсіріп, өлшеп, үш аяқты бағандарын қойды. Әскери машиналар әрі-бері құмға батып, жүре бастады. Аспаннан ұшақтар да көрінді. 50-жылдарда ракеталар құлады. Біздерге, балаларға бәрі қызық. Оның түскен орнын бәріміз көруге баратынбыз. Ракета құлаған жер үйдің орнындай шұңқыр, апан, айналада шашылған, жарқыраған алюминий қаңылтыр, түрлі-түсті сымдар жататын. Бұл шұңқыр суға толы болатын, одан мал су ішетін. Ересек адамдар қаңылтырларды түйеге артып әкеліп, одан шелек, білезік, тарақ, сырға т.б. әшекей бұйымдар жасайтын.

Халық арасында неше түрлі зергерлер де болды. Соның бірі – Қимран Молдағалиев деген адам өте шебер еді. Оның әдемі білезік, тарақ, сырға жасағанын көргенмін. Жалпы, құмда өте дарынды адамдар көп еді. Соның ішінде Дина шешеміз, тесік тамақ Сабыр, Өтешқали, Құмар Қисметов деген атақты домбырашыларды көрдім. Құмар – менің жездем. Оның қойын дәптерінде Аманғалидың өлеңдері болатын. Атам Нәдір Шүгірұлы керім қамшы тоқитын, тоқыған қамшылары (дойыр) өте әдемі, моншақтай тізіліп тұратын. Сол атамның тоқыған қамшысы жүз жылдан астам уақыт өтсе де, әдемі, күйінде менде сақтаулы. Тобылғы сабы да сол күйінде.

Сонымен, 1952 жылдың дүрбелең жазы да келді. Халық қобалжулы, «көшіріледі» деген хабардан кейін тонна жарымдық әскери машиналар келіп, құм арасында отырған №24, №8, №6 ауылдар мен «Тельман», «Карл Маркс» колхоздарының тұрғындарын тиеп, үш жанұядан отырғызып, колоннаға тұрғызды. Ол кезде мен сегіз жасар баламын, бізге бәрі қызық, бұрын көрмеген әскери адамдар, машиналар. Сонда да менің санамда халықтың абыржулы көңіл күйі, әйелдердің жылап-сықтап, көз жастарын орамалдарының шетімен сүрткені жадымда. Менің де көзімде жас. Себебі көшер кезде керемет, аппақ мысығым тышқан аулап, құм арасына кетіп қалған. Қанша жүгіріп іздесем де, таба алмадым. Амалсыз машинаға келіп отырдым, жан-жағыма қараумен болдым. Көріне қалса, секіріп түсіп, қолтығыма қысып алар едім ғой. Амал не, мысығыммен көзіме жас алып, іштей қоштастым.

Әкеміз Арухан Нәдірұлы домбырасын шертіп отыратын ортаның адамы еді. Ұлы Отан соғысына қатысқан, Воронеж майданының жауынгері. Сап қозғалғанша ауылдың белгілі азаматтары жиналып, бір мәселелерді талқылап жатты. Менің көргенім атақты ауыл молдасы – Қарабала  (шын аты – Ертілеу). Бұл кісінің оқығаны көп. Қасқыр шаппасын деп адамдарға дұғалық, тұмар жазып беретін. Соның қасиетінен малға қасқыр тимейтін көрінеді. Әкемнің қасында Біраш деген ерекше кісі тұрды. Ол күш-қуаты мол адам еді. Қойлардың жіліншігін бұрап сындырғанын талай көрдім. Тайыншаның да жілігін бұрап сындырады деп естідім.

Әлі есімде, үй жанында ит байлайтын ұзын қайың сырық болатын. Жаз мезгілінде әрлі-берлі көшіп-қонып жүргенде жайлауға тастамай, түйеге артып, алып жүретінбіз. Барған жерге ат байлау үшін көміп қоятын. Оған біз ағамыз екеуіміз өрмелеп шығып ойнайтынбыз. Сол сырық көшкен кезде сол күйінде қала берді. Мен сырықтың қасынан өтіп кеткенше көз алмадым. Әлі де көз алдымда. Нарын құмында халық негізінен төрт түлік мал өсірді. Әрбір үйде малшылардың көмекшісі, қасқырлармен алысуға әзір тұратын үлкен төбеттер болды. Аң аулайтын құмай тазылар да болды. Сол иттерді көшкен кезде алдырмады. Күндіз-түні мал қарауылдап, қасқырларға жем қылмай, адал қызмет еткен отыз, қырық шақты ит көш қозғалғанда шаңға көміліп, тілдері салақтап жүгірді. Бұл көрініс өте аянышты еді. Көш кете барды. Сол иттер біраз көштің артынан жүгіргеннен кейін біртіндеп қала бастады. Осы көріністер санамнан кетер емес. Аянышты әрі обал.

Нарын құмнан көшірілгендерді бөліп-бөліп, бірқатарын Шымкент жағына алып кетті. Оларды апарып мақта теруге салған. Сол жақтағы күннің ыстығына шыдай алмай арықтап, су ішіп, іштері ауырып, өліп кеткендер де көп болған. Қалғандары жасырынып, біздің ауылға қашып келді. Бізді Бөрлі ауданы «Чапаев» колхозының Қаракемер, Жаңаталап бөлімшелеріне әкелді. Келісімен көп қиындыққа тап болдық. Үй жоқ, күй жоқ. Бірқатары тас соғып, баспана салуға кірісті. Бізде үй салатын күш жоқ. Әкеміздің бір қолы соғыста жараланған, біз жаспыз. Әйтеуір, бір мал қораны жөндеп, соған орналасқан болдық. Оның үстіне уақытша бізбен тұруға сұранушылар да көп еді. Ол кезде адамдардың сана-сезімі, адамгершіліктері бөлек-тұғын. Сол кішкентай, құрқылтайдың ұясындай жеркепе үйге Сұлтанғали деген кісінің жанұясын кіргіздік. Кемпірі, өзі, баласы, немересі – төрт кісі. Өзіміз жеті кісі. Сол үйге сыйып, бір қазаннан ас ішіп, тұрып жаттық. Сол кездегі адамдардың көңілінің кеңдігіне таңғаласың. Жаңақала – құмды жер. Қыс болып жарымайтын. Бұл жерде қыстың көкесін көрдік. Қатты боранда үй төбесімен бірдей қар түседі. Күндіз шам жағып отырамыз. Үйден шыға алмай, бір-бірімізді қардан аршып алған кездер де болған. Ой, заман-ай! Сол кездер, жылдар жүйткіген желдей өте шықты. Осы уақыттың ішінде әкелеріміз, шешелеріміз, апаларымыз бәрі дүниеден өтті.

«Сағаттың шықылдағы емес ермек,

Үнемі өмір өтпек – ол білдірмек.

Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас

Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек.

Сағаттың өзі ұры шықылдаған,

Өмірді білдірмеген күнде ұрлаған.

Тиянақ жоқ, тұрлау жоқ, келді, кетті,

Қайта айналмас, бұрылмас бұлдыр заман», – дейді хакім Абай. Сол кездегі асық атып, ойнап жүрген балалар бүгінде ата-әже боп, алдымыз сексеннен кейінгілеріміз жетпістің
бел ортасынан асып, немере, шөбере сүйіп отырмыз. Келесі жылы Нарын тұрғындары-
ның көшіне жетпіс жыл толмақ...

Сабырғали Аруханов,

ардагер ұстаз

Суреттің дереккөзі: naryntany.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале