Бүгінгі күн Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі №3443 Жарлығымен саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгіленді.
20 ғасыр ел тарихындағы қайғылы да қасіретті кезеңі екендігі тектен тек емес. Сол кездегі ел басшылығының солақай саясаты салдарынан мыңдаған адам қуғын сүргінге ұшырап, миллиондаған адам ашаршылық зардабын шеккен. Мәселен, тек қана 37-38 жылдары, екі жылда НКВД органдарының ресми мәліметтері бойынша, Кеңес одағының аумағында 1,5 миллионнан астам адам тұтқындалды, олардың 680 мыңының ату жазасына шешімдері болды. Соның ішінде Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Оның ішінде Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар және тағы басқа көптеген атақты адам қаза тапқан.
Осы орайда аудан орталығындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының ескерткіші жанында жапа шеккендерді еске алу шарасы өтті.
Оған дербес бөлімдер мен мекемелердің, білім беру және мәдениет саласының басшы-қызметкерлері, еңбек ардагерлері қатысты. Сол бір қанқұйлы жылдардың жазықсыз құрбаны болған азаматтарға, атап айтсақ қазақтың революционер қызы Алма Оразбаева ескерткішіне аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов пен ардагері Амангелді Уәлиев, жаппай қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш белгіге аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов пен ардагер Қабаш Жүнісов, революция құрбандарына арналған ескерткіш белгіге Жәнібек ауылдық округінің әкімі Абзал Қаратаев пен ардагер Ерсайын Құбашев ұрпақ тағзымы ретінде гүл себетін қойып, құрбандар рухы бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Каримоллаұлы атаулы күнге орай сөз алып:
- Ел тарихындағы естен кетпес бұл қасірет, шын мәнінде, халық жадынан ешқашан өшпеуге тиіс. Бұл қасіреттің орнын толтыру мүмкін емес. Біз бұны есте сақтауымыз керек. Сондықтан біздің парызымыз құрбандарды еске алып, олардың рухына тағзым ету, - деді.
Мәдениет қызметкері Райымбек Нұрғалиев пен кітапхананың оқырманы, 4-сынып оқушысы Әмір Меңдіхан өлең оқыды. Аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына Құран бағыштағаннан кейін, жиналған қауымға бауырсақ таратылды. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Альбина Бейісова «Өзекті өртер шындық» тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасады.
Гүлзара Мәди,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz