Ұлыстың ұлы күнін Казталов ауданының халқы ерекше форматта атап өтті. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға сай Наурыз мейрамы қайырымдылық шаралары мен ұлттық құндылықтарымызды насихаттау бағытында өткізілді.
Күн ұясынан шығып, күллі әлем ұйқысынан оянған шағында кейбір шаңырақ иелері қайырымдылық пен мейірімділіктің куәсі болды. Ұлыстың ұлы күнінде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, Казталов ауылдық округінің әкімі Арман Ғалымов, Казталов аудандық мәслихатының депутаттары, ауданымызға белгілі өнер майталмандары бірнеше отбасыға мерекелік азық-түлік себеті - Наурыз-қоржын табыс етіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Қайырымдылық шараға аудандық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер қолдау көрсетті.
Наурыз - ізгілік пен кеңпейілділіктің, мейірімділік пен қайырымдылықтың жаршысы іспеттес. Осынау ұлық мерекеде әлдекімнің жүзіне қуаныш сыйлау - сауапты іс. Мұндай бағыттағы қайырымдылық шаралары тек Наурыз мейрамында ғана емес өзге де мейрамдарда жалғасын таба бермек.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz