«Наурызнама» 17-наурызда Казталов ауданы Қараоба ауылдық округіндегі «Арай» бөбекжайында жалғасын тапты.
Бөбекжай ұжымының ұйымдастыруымен Наурыз қарсаңында іс-шара ұйымдастырылды. Балаларға тәттілерден дайындалған «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтары табысталды. Бақша ауласына ата-аналар мен бөбекжай тәрбиеленушілері қазақтың салт-дәстүрін бейнелеген өнерлерін көрсетті. Балаларға арналып дастархан жайылып, наурыз көже мен ұлттық тағамдардан дәм татты.
Округ әкімі Жалғас Сүндетов іс-шараны ұйымдастырған балабақша ұжымын мерекемен құттықтап, ыстық лебізін жеткізіп, балапандарға ақ жол тіледі.
Сонымен қатар бөбекжай ұжымы дәл осы күні отбасы құндылықтарын дәріптеп, отау құрғандарына қыркүйек айында 25 жыл болатан Қайрат Молдашевтың отбасына ат басын тіреді. Наурыз мерекесі қарсаңында емен-жарқын әңгімелесіп, мерекелік тілектерін жеткізу үшін арнайы барды.
Бірлігі мен берекесі жарасқан шаңырақ иелеріне елмен бірге еңсе тіктеп, отбасындағы жылулықты сақтап отырған Молдашевтар әулетіне күміс тойға аман-есен жетіп, дәл осындай қарқынмен алтын тойларына жетулеріне тілекшіміз.
Әсем Болат,
Казталов ауданы