Бүгін аудан орталығындағы спорт кешенінде «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен, «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай волейболдан әйелдер арасында Казталов ауданының чемпионаты оздырылды. Спорттық додаға Казталов аудандық ауруханасы, аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, А. Оразбаева атындағы ЖОББМ, Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен «Жастар» құрама командасы қатысты.
Нәзік жандылар арасындағы ала доп бәсекесі тартысы өтті. Әр салада өздерінің біліктіліктерімен шыңдалған мамандар спортта да мықтылықтарын көрсете білді. Чемпионат қорытындысы бойынша бас жүлдені Казталов аудандық ауруханасының командасы қанжығасына байласа, ІІ орынға А.Оразбаева атындағы ЖОББМ-нің командасы жайғасып, үздік үштікті «Жастар» құрама командасы иеленді. Ал аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының мамандары белсенді қатысқаны үшін марапатталды. Сонымен қатар, Гүласыл Нұғманов «Үздік байланыстырушы», Альбина Бақытжанова «Үздік қорғаушы», Ғазиза Мусина «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болса, Гүлзада Нұғманова «Ардагер ойыншы» атанды.
Жарыс соңында «Айбын» спорт клубының директоры Нұркен Ахметов нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Асылбек Нәсіпқали,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz