Ақша – өмірдің мәні емес. Бірақ бүкіл әлем ақша қатынасына шырмалған. Онсыз тірлік тоқтайды. Экономиканың күретамырына айналған қаржыға бәріміз тәуелдіміз. Жайлы үй алып, қымбат көлік мінгіміз келеді. Жақсы телефон ұстап, ұлан-асыр той жасау да сәнге айналды. Жалақыңыз жетпесе, шығатын жол бар. Ол – қарыз алу.
Күні бүгін халықтың басым бөлігі несиеге өмір сүретіні айдан анық. Ашығын айту керек, қарапайым азаматтар отбасы бюджетін сауатты құруға дағдыланбаған. Көпшілігі «Несие алуға шынымен мұқтажбын ба?» деп бас ауыртпайды. Қаржылық-экономикалық сауатымыз төмен. Банк ақшаны тегін беріп жатқандай, таласып-тармасып алатынды шығардық. Тіпті, пайыздық үстемеақыға да назар аудармаймыз. Бастысы, сұраған ақшаны қолға берсе болғаны. Кей адамдар бір банктен алған қарызын жабу үшін екінші банктен, оны жабу үшін келесісінен қарыз алатынды шығарған. Ертеңгі күнді ескермей, төлеуге келгенде опық жейтінін көбі ойламайды да. Ауылдағы ағайынның жағдайы айтпаса да түсінікті. Халық несиеге әбден байланды. Қайтара алса жақсы. Өтей алмаса өзі борышкер болып, қайтарымсыз несиелердің санын көбейтеді. Соның салдарынан отандық банктер несиенің пайызын жоғарылатады.
Біздің аудан облыс орталығынан шалғай орналасқандықтан екінші деңгейлі банктер аудандық «Қазпошта» байланыс торабы арқылы несиелерін ұсынуда. Аталған мекемеде төрт банктен, яғни «АТФ», «Евразиялық», «Альфа» және «ХоумКредит» банктерінен несие рәсімдеуге болады. Мәселен, 500 мың теңгені екі жылға рәсімдеуге сұраныс жібердік дейік. Пошта қызметкері кесте түрінде сандар толы мәліметті береді. Қарапайым тұрғынға оны түсіну оңай емес. Банктерге кредит беру шарттарының матрицасы деген кестедегі аннуитет, дифференциал төлемдерге ешкім мән бермейді. Несие алып жүрген қазақстандықтардың көбі несиенің ай сайынғы төлеміне ғана назар аударады. Төлемнің аннуитет түрінде қазақстандықтар белгілі бір мерзімге несие рәсімдеп, ай сайын бірдей сомадағы ақшаны құйып отырады. Ол сома еш жағдайда өзгермейді. Өзгерсе тек банк келісімімен жүзеге асырылады. Сондықтан болар мұндай тұрақтылық халыққа ыңғайлы. Халықтың 90 пайызға жуығы несиелерін аннуитеттік төлеммен рәсімдейді. Бір сөзбен айтқанда, қарыз алушы бюджетін жоспарлап, нақты сомасын ғана несиеге төлейді. Сондай-ақ төлемнің бұл түрінде борышкер мен банк арасында түсініспеушілік болмайды, себебі барлығы бастапқыда жасалған келісімшартта нақты көрсетіледі. Аннуитет төлем кезінде ай сайынғы сомада қарыздың өзі мен оның пайызы қосылып тұрады. Осылайша, бастапқыда несиенің тек пайызы төленеді де, соңына қарай ғана негізгі қарыз өтеледі екен. Сондықтан бастапқыда өтелетін негізгі қарыздың сомасы өте аз. Мысалы, борышкер екі жылға алған несиесінің шамамен бастапқы алты айында тек пайызын төлеп келеді де, кейін ғана қарызды өтей бастайды. Бұл жағдайда несиені мерзімінен бұрын жабу аса тиімді емес.
Несиені төлеудің екінші түрі дифференциалда бастапқы бірнеше ай бойы қарыздың қомақты сомасын төлеп отыру керек. Сол себепті көп адам шамасына қарайлап, төлемнің аннуитет түрін таңдайды екен. Дифференциал төлем жүйесінде берешек ай сайын азая береді. Ең басты артықшылығы - мұнда қарыз алған адам бастапқыда негізгі қарызды төлейді, артынша қарыздың пайыздарын өтейді, яғни ол уақытқа дейін несие сомасы да біраз азайып қалады. Алайда бұл төлем түрін пайдаланғысы келетін азаматтардың жалақысы жоғары болуы тиіс.
Енді біз рәсімдеп отырған несиеге оралайық. Расымен де, екі төлемде ай сайынғы төленетін сома әртүрлі. Мысалы, «АТФ» банктің ай сайынғы аннуитеттегі сомасы 31 803,6 теңге болса, дифференциалда 38 496,38 теңге. «Евразиялық» банкте аннуитеттегі ай сайынғы төлем 35 310, дифференциалдық төлем 42 563 теңге. «Альфа» банкке келетін болсақ, алдыңғысы 29 523,71 теңге, екіншісінің төлемі 35 833,33 теңге. Ауылдағы атышулы «ХоумКредиттегі» төлемдердің біріншісі 38 551 теңге, екіншісі 47 165 теңге болып отыр. Неге атышулы десеңіздер, алдыңғы үш банк аудан халқына соңғы кезде ғана өз қызметтерін ұсынды. Ал бұған дейін тұрғындар «ХоумКредит» банктен несие алып келді. Аталған банктер келместен бұрын «ХоумКредиттің» номиналды сыйақы мөлшерлемесі 56 пайызды құраған еді. Қазіргі таңда 42 пайызға түсіп отыр.
-Кәсібімді дамыту үшін 2002 жылы алғаш рет несие рәсімдедім. Ол кезде банк бір үлгімен ғана жұмыс істеді. Банк қызметкерлері несие шарттарын ауызша түсіндірді. Мен тек ай сайын өтейтін төлеміне мән бердім. Әрине, ол уақытта қаржылық сауатым төмен еді. Санап отырсам он төрт рет несие алыппын. Тәжірибе жинақтай келе қаржылай сауатым да артты. Ауыл тұрғындары несие алған кезде пайызын есептемейді. Мысалы, олар несиені ақшалай алғанда жоспарлаған нәрселеріне жұмсамайды. Болмашы ұсақ-түйектерге жұмсап жіберіп, ақшаның таусылып қалғанына таң қалады. Адам өз ісіне өзі жауап беруі тиіс. Тұрғындардың көбі бүгінгі күнмен өмір сүреді. Ал бизнес жасау үшін ертеңді ойлау керек. Тәуекелге бел буған соң несие аларда оң-солыңды қарап, есептеуге тиіссің. Тұрғындардың қаржылық сауатын арттыру үшін арнайы курстар ұйымдастырылуы қажет деп ойлаймын, - дейді есімін айтпауды сұраған ауыл кәсіпкері.
Бүгінде несие алып, артынан аңғармай қалған пайыздық мөлшерлемені көріп, опық жеп жүргендерді жиі кездестіреміз. Мұның себебі неде? Тағы бір мәрте саралап көрейік. Мәселен, банктен несиені 56 пайызбен алдыңыз делік. Үш немесе бес жылға алар болсаңыз онда жыл сайын 56 пайыз үстіне қосылып отырады. Қарапайым халықтың түсінбейтіні осы. «Біз 56 пайызбен алып жатырмыз, неге пәленбайға өсіп кеткен» деп ойлайды. Банктер 56 пайызды тек бір жылға бөледі. Қалған қарызыңызға тағы жыл сайын 56 пайыз қосылады.
-Декреттік демалыста отырған бір қызметкердің орнына уақытша жұмысқа тұрдым. Сол уақытта белгілі бір жайттарға байланысты шұғыл ақша керек болды. Бұған дейін мүлдем несие алып көрмегенмін. Жұмыстан сұранып қалаға бардым. Ойымда бір ғана банк. Ол «Kaspi». 150 мың теңге несиеге сұраныс жібергенмін, бірден «мақұлданды» деген жауап келді. Үш жылда ай сайын 11 500 теңге төлеуім керек екен. Уақытша жұмыс істеп жүргенім ойымда жоқ. Ойдағы бір ғана мақсат - ақша алу. Жұмыстан босап қалғанда оны қалай төлеймін, жолдасым төлей ала ма деген сұрақтар мүлдем мазаламады. Басқа банктердің пайыздық мөлшерлемелерін салыстырып та көрмедім. Кейін есептеп қарасам 150 мың теңгені ай сайын 11 500 теңгеден төлеп отырғанда 3 жылда, яғни 36 айда 414 мың теңге етіп банкке қайтарған екенмін. Осыдан кейін қаржылық мәселеге қатысты сауатымның төмен екенін анық білдім, - дейді есімін атамауды өтінген тағы бір ауыл тұрғыны.
Қаржылық сауаттылық – адамның түрлі жағдайларда тығырыққа тірелмеуіне мүмкіндік береді. Егер ауданда арнайы курстар ашылса тұрғындар тұтыну несиесін рәсімдеу, депозит ашу, ипотека алу, қаржы жоспарын құруды тереңірек түсінер еді. Қалай болғанда да, ойланбаған істелген іс опық жегізетінін ұмытпайық.
Гүлзара Тілекқабылқызы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz