Тәуелсіздік пен береке-бірліктің несібесі бұйырған, тарихы терең, тағылымы мол халықтың ұрпағымыз. Ел басына күн туған қилы кезеңде ақсақалынан бата алған, ақ жаулықты аналарын төрге оздырған батыр елдің ізбасарымыз. Қарттарға қамқорлық – біздің халқымыздың дәстүрінде дәріптеліп, салты мен санасына берік орныққан қасиет. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ, ол –ұрпақтың көрегендігі емес пе?! Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен мағыналы ғұмырында биік бір белеске жеткен ата-әжелерімізге ыстық ықыласымыз шексіз. Олар қиын-қыстау заманда ел үшін аянбай еңбек етіп, балаларын өсіріп, білім беріп, жетілдірді.
Сондай жандардың бірі – Теректі ауданы, Аңқаты ауылының тұрғыны Қайыпқали Молдахметов. Ол кісі 1946 жылы дүниеге келген.
- Біздер еңбекке ерте араластық. Маңдай термен келген адал еңбек қана бақытқа жетелейтінін жасымыздан санамызға құйып өстік. Жұмыс талғамадық. Білім алуды да ұмытпадық. Мен Оралдағы агротехникумды тәмәмдап, Сатымшеген ауылында 1980 жылға дейін механизатор болып жұмыс жасадым. Сонымен қатар комбайнер, бригадир де болдым. Ал 1980 жылдан бастап 1984 жылға дейін мектепте көлік жүргіздім. Одан соң Сатымшеген ауылында аға малшы болдым. Сөйтіп жүріп, 45 жыл қызмет қылып, зейнеткерлікке шықтым,-дейді Қайыпқали ата.
Сол себепті болар, ол кісінің еңбегі елеусіз қаламады. Басшылық тараптан алғыс хаттары, алтын төсбелгісі де бар. Жары екеуі 4 ұл, 1 қыз өсіріп, тәрбиеледі. Бір әттеген-айы, 2008 жылы жолдасы бұл фәниден өтті...
Қазіргі уақытта қолында кенже бала-келіні бар. Ұл-қыздың асқар тау әкесі, немере-жиеннің сүйікті атасы. Кейіпкеріміз сексенеге таяп қалса да, үйдің шаруаларына қолғабыс қылып, мал түгендеп, кейде суарып дегендей жұмыс атқарып жүреді.
Көпті көрген кісілер істің көзін табуға келгенде тәжірибеге бай ғой, әманда. Олар сан салада белсенділік танытып, өз істерін дөңгелетудің хас шебері. Қайыпқали ата қашан да кейінгі ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа баулып, отансүйгіштік қасиетті сіңіруге үндеп, бағыт-бағдар беруден еш жалыққан емес. Әңгімелесе қалсаңыз, ауыл-үйдің уақ-түйек әңгімесін емес, елдік тұрғыдағы, қоғамға қажетті қағидаттарды түйіп-түйіп ортаға тастап отырады.
Осындай жанды елі де сыйлап, үнемі үлгі тұтады.
Иә, үлкенді сыйлау, құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Олардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары –ұрпаққа ұлағат.
Ұрпаққа берері бар, перзенттерін оқытып, өз орындарын табуға жол сілтеп, тәрбиелеген асыл әке, ардақты ата, еңбекқор қария халқына алғысын білдіріп, жастарды ауылға келіп еңбек етуге, сапалы білім алуға шақырды.
«Ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деп бекер айтылмаған.
Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Қариялар – халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керек.
Самал Жолдығалиқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz